Алматыда жастар арасындағы жұмыссыздық пен экстремизм мәселесі талқыланды

Жастар арасындағы жұмыссыздық пен экстремизм мәселесі Алматыда өтіп жатқан халықаралық форумда талқыланды, деп хабарлайды 24KZ. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырған іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Тәжікстанның жастар ұйымдары өкілдері мен сала мамандары қатысты.

Жастарды теріс діни ағымнан сақтау үшін саналы тәрбие мен сапалы білім беру маңызды. «Ол үшін сауаттандыру ісін белсенді жүргізіп, жастар орталықтарын дамыту керек», – дейді мамандар. Бұл бағытта Қазақстанның тәжірибесі бар. Мысалы, «Мансап компасы» атты жаңа платформа арқылы қолданушылар мамандық бойынша жұмыс таңдай алады. 

Айнұр Баймырза, БҰҰ ДБ Қазақстандағы Мемлекеттік басқару департаментінің директоры:

- Талапты жастарға өз бойындағы қарым-қабілетті дамытуға мүмкіндік көп. Стартап жобаларды іске асыруға, кәсіпкерлікпен айналысуға, креативті индустрияға ден қоюға болады. Осы форумда қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, тәжірибе алмасып, ұсыныстарды қарастырамыз.