Шымкентте жарықтандыруға бөлінген ₸6 млрд тиімсіз жұмсалды

Шымкентте қала көшелерін жарықтандыруға бөлінген 6 миллиардтан астам қаражат тиімсіз жұмсалғаны анықталды, деп хабарлайды 24KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдерінің талдау қорытындысына сәйкес мемлекеттік сатып алу конкурстарында бәсекелестік заңнамасы өрескел бұзылып, тауар бағасы бірнеше есе қымбаттатылған.

Ол үшін тапсырыс берушілер тарапынан конкурстық рәсімге негізсіз шарттар енгізілген. Яғни, бағаналар мен жарық шамдарды жеткізуші мекемелерден өндірістік базаның болуы талап етіліп, кіші кәсіпкерлік субъектілерінің тендерге қатысу құқығы шектелген. Сәйкесінше кейбір кәсіпкерлер нарықта үстемдік құрғаны белгілі болды. Осыған қатысты 5 ауданның әкімдігіне мемлекеттік сатып алу шарттарының күшін жоюға нұсқау беріліп, бюджетке 2,5 миллиард теңге кері қайтарылды.

Алексей Колосков, қалалық СЖҚІҚ департаменті басшысы бірінші орынбасарының м.а.:

- Бұл конкурсқа ондаған компания қатыса алады. Сәйкесінше бәсекелестік алаң қалыптасып, баға төмендеуі керек. Бірақ осындай шектеулер кейбір кәсіпкерлерге кедергісін келтіріп, конкурсқа қатысудан шеттетіліп қалады. Сондықтан нарықта 1-2 компания ғана үстемдік құрған.