Туризм: елге келетін шетелдіктер саны артып жатыр

Жыл санап елге келетін туристер саны артып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Ресми статистикаға сүйенсек, қаңтар-маусым айларында 3,5 миллион шетелдік Қазақстанға табан тіреген. Бұл былтырғы көрсеткіштен едәуір жоғары. Дегенмен саладағы түйткілді мәселелер әлі де бар.

Қазақстанға келетін туристер негізінен ТМД елдерінің еншісінде. Одан кейінгі орында Қытай, Үндістан, АҚШ сынды елдер тұр. Соңғы жылдары Ұлыбританиялық туристер де жиі бой көрсете бастаған. Жауапты министрлік өкілі бұған елімізді таныту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар себеп екенін айтады.

Айнұр Жексенова, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетi туризм саласындағы инвестицияларды тарту және iлгерiлету басқармасының басшысы:

- Қазақстан тұрақты негізде жыл сайын ең ірі туристік көрмелерге қатысады. Атап айтсам, ол ITB Berlin, Қытайда өтетін COTTM халықаралық туристік көрмесі, және Абу-Дабиде өтетін ATM Dubai көрмесіне тұрақты түрде Қазақстан өзінің ұлттық стендін әзірлеп, барлық туроператорларды апарып, сол жерде Қазақстанның туристік әлеуетін басқа шетелдіктерге көрсетеді.

Сыртқы істер министрлігінің дерегі бойынша бүгінде Қазақстан мен 81 ел арасында визасыз режим орнаған. Сондай-ақ 6 мемлекетпен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, 33 елмен әуе байланысы тұрақты. Бұл тізім жақында тағы да толыға түсуі мүмкін.

Лучано Соццо, инвестор, КИПР делегациясының өкілі:

- Наурыз айында Қазақстан және Кипр үкіметтері арнайы меморандумға қол қойды. Біз жергілікті туроператорлармен байланыс орнатуға келдік. Себебі көктемде Алматыдан Ларнакаға алғашқы рейс қатынай бастайды. Жыл соңына дейін Астанада елшілік ашылуы керек. Ол қазақстандықтарға туристік виза рәсімдейді. Яғни, екі ел азаматтары үшін өзара қатынау оңай болады деген сөз.

Биыл елде аптасына 30 рет 14 бағыт бойынша тұрақты рейстер ашылған. Қазақстанның ұшу географиясын кеңейту бағытындағы жұмыстар келесі жылы да жалғаса бермек.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Асхат Қарақойшиев.