Қазақстан үздік елдер тізіміне енді
Қазақстан 2025 жылы саяхаттауға арналған үздік елдер тізіміне енді, деп хабарлайды 24KZ. Яғни, көне салт-дәстүр мен заманауи бағыт тоғысқан ел ретінде сипатталған. Бұл тізімді Lonely Planet басылымы жүргізеді. Бұл – 15-ші жарияланым. Best in Travel-2025 деп аталады. Рейтинг жыл сайын саяхатшылар мен туризм саласындағы мамандардың пікірін ескере отырып түзіледі.
Бұған дейін әлемге танымал өзге туристік басылымдар да Қазақстанның әлеуетін жоғары бағалаған еді. Мәселен, «Conde Nast Traveller» және «Wanderlust» басылымдары елімізді 2024 жылғы саяхаттауға арналған әлемдік үздік өңірлердің тізіміне енгізген болатын. Сондай-ақ Алматы қаласы «The New York Times» нұсқасы бойынша 52 үздік туристік бағыттың қатарына кірді. «Бірақ туристер ағыны толастамауы үшін тұмса табиғатпен қатар қонақтарға көрсетілген қызмет сапасы мен инфрақұрылым да маңызды», – дейді саяхатшы Базарбек Қамысбаев.
Базарбек Қамысбаев, тревел блогер:
- Шығыстағы Катонқарағайды айтатын болсақ, ол жақта әлемдегі жүз greendestreition дейді. Экологиялық таза табиғаты сақталған жерлердің қатарына кірді. Мысалы, соны көру үшін бізге алыс-жақын шетелден туристер көптеп келуі мүмкін. Бірақ, өкінішке қарай, туристік инфрақұрылым, ол жерлерге бару, жол жағдайы өте нашар деп айтуға болады. Мысалы, Катонқарағайға барғысы келген бір адам келесіде ол жерге қайтадан бармай қалуы да мүмкін. Жол сапасын көрген соң.
Алайда көбіне отандастарымыз саяхаттауға шетелдерді таңдап жатады. Мәселен, қазақстандықтар арасында Вьетнам, Египет, Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркияға апаратын турлар сұранысқа ие.
Мамандар бұған Қазақстанда жағажай туризмінің ақсап тұрғаны себеп екенін айтады. Сонымен қатар елдегі демалыстың қымбаттығы да жасырын емес. Қонақүйлер арасында бәсекенің жоқтығы мен туристік аймаққа апаратын жолдардың сапасыздығы да бағаны аспандатып жіберген.
Искандер Салиходжаев, туристік фирма өкілі:
- Былтырдан бері Е-қонақ жүйесі белсенді жұмыс істеп тұр. Туроператорлар субсидия беру механизмдерін осы жүйе арқылы цифрландыру керек деп санайды. Өйткені бұл бағдарлама турист шекарадан қашан өткеніне дейін дәл көрсетеді. Осылайша, барлық құжат айналымын автоматтандырып, ашықтық орнатуға болады. Мемлекеттік қолдау баршаға бірдей берілсе, бәсеке артып, бағалар төмендейді.
Енді еліміздегі туристер көп баратын орындарға тоқталсақ. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес биылғы қаңтар-маусым айларындағы ең танымал туристік орын – Алматы тау кластері. Мұнда барлығы 1,2 млн турист, оның ішінде 305 мың шетел азаматы келген. Екінші орында Маңғыстау курорттық аймағы тұр. Мұнайлы өңірді 185 мың турист тамашалаған. Үштікті 144 мың қонақ күткен Бурабай түйіндейді. Үздіктер қатарында Түркістан, Алтай, Балқаш, Баянауыл, Бұқтырма мен Сарыағаш шипажайы да бар.
Айнұр Жексенова, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетiнiң басқарма басшысы:
- 1 және 13 қыркүйек аралығында елімізге жарты миллионға жуық турист келген болатын. Оның ішінде ең көп келген елдер ол Қытай, Үндістан, Америка және Еуропа елдерінен келген туристер болып тіркелген. Осы Дүниежүзілік көшпенділер өте жақсы, тиімді жарнама болып табылды. Себебі ойын барысында бізге көптеген БАҚ өкілдері, шетелдік журналистер, блогерлер, инфлюенсерлер келіп, біздің елімізді бүкіл әлемдік нарыққа танытты.
Өткен айда елімізге 597 мың турист келген. Оның 68 мыңы Астана және Алматы халықаралық әуежайлары арқылы, қалғаны авто және теміржол көлігімен жетті. Бұған елордада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті себеп болған.