Абай облысындағы 74 елді мекенде интернет жоқ

Көктүбек байланыс аясынан тыс жерде. Бұл – Абай облысының Ақсуат ауданына қарайтын елді мекен. Жалпы өңірде бұл ауыл ғана емес 74 елді мекен интернеттің игілігін көре алмай отыр, деп хабарлайды 24kz.

Халық мәселені айтудай-ақ айтқанмен, әлі күнге шешімін таппай келеді. Жергілікті билік жоспарда бар екенін айтады.

Бірақ шалғайдағы елді мекен тұрғындары оның нәтижесін көрмей отыр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Көктүбек ауылының халқы соңғы 15 жыл бойы интернеттің мәселесін көтеріп келеді. Алайда осы күнге дейін нәтиже болмай отыр. Жергілікті жұрт әкімдікке талай барған, бірақ мардымды бір жауап ала алмапты.

Шешнәби Шегетай, Көктүбек ауылының тұрғыны:

- Мектепті жаңалап берсе. Одан кейін интернет мәселесін қалпына келтіруді. Мына оқушы балалар болсын, ауыл адамдары болсын, бірнәрсе хабар алайын десе, интернет жоқ. Кейде алады, кейде алмайды. Осы күнге дейін айттық.

Елді мекенде төрт жүзден астам адам тұрады. Интернет байланысының тағы бір нүктесі ауылдағы мектеп ғимаратында. Бірақ қызметкерлер оның да күнде істен шығатынын айтып отыр. «Ал балалар интернет іздеу үшін тау-тасты жағалауға мәжбүр», - дейді жұрт.

Ербол Кәрімов, Көктүбек ауылының тұрғыны:

- Олардың бәріне айтқанбыз. Жастар тұрақтамай жатыр, байланыс жоқ. Тауға шығамыз, шатырға шығамыз. Балалар онлайн оқи алмай қалады. Кей күні ұстап қалады. Дөңге шыққанда бұрыш-бұрышта. Мұғалімдерге де қиын. Қазір енді байланыстың заманы ғой. XXI ғасырда мынадай артта қалған деген қиындау болып тұр.

Ақсуат ауданында сегіз ауылдық округ, жиырма тоғыз елді мекен бар. Үштөбе, Қызыкесік және Кіндікті ауылдарына келесі жылы интернет тарту жоспарланған. Қазір қажетті құжаттар әзірленген. Бюджеттен 600 млн теңге қарастырылып отыр.

Ерсін Ескендіров, Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

- Үш ауылға жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Жобалық-сметалық құжаттар қазіргі таңда дайын. Қаржы да қарстырылған. Келесі жылы жұмыстарды қолға алғалы отырмыз.

Абай облысындағы 328 елді мекеннің 74-і интернетсіз отыр. Түйткілді мәселені шешу үшін өңірде жол картасы қабылданған. Оның шеңберінде 2027 жылға дейін аймақтағы ауылдардың 96%-ін сапалы интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған.

Абзал Серікұлы, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

- Министрлікпен бекітілген үлкен жоба бар.2025-2027 жылдарға арналған. Соның ішінде 171 елді мекенді оптикамен қамтамасыз ету қарасытырлған. Көктүбек ауылында қазір мектепте ғана интернет бар. Көрші ауылдан Ақсуат жақтан сигнал алып отыр. Министрліктің кестесіне сай 2025 жоғары жылдамдықпен қамтамасыз ету

Биыл 23 елді мекенге интернет тартылған. 2027 жылға дейін Абай облысындағы 171 ауыл ғаламторға қосылмақ.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов