Нұраның бойындағы 56 мың га жер мемлекетке қайтарылды
Қарағанды облысының Нұра ауданында биыл 56 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтты, деп хабарлайды 24kz.
Бұл аумақтарды бұған дейін әркім иемденіп, дұрыс пайдаланбаған.
«Жердің шұрайлы бөлігін, яғни жайылым, егістік, шабындықты кезінде ықпалды адамдар алған, бірақ әлі күнге игеруге асығар емес», - дейді жауаптылар. Қайтқан жер енді кәсіп ашуға ниетті ауыл тұрғындарына беріліп жатыр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Заречное ауылында тұратын ерлі-зайыпты Ержан мен Вероника бір жыл бұрын шаруа қожалығын құрған. Қазір оларда 10 сиыр, 100-ге жуық қой мен бірнеше бас жылқы бар. Жайылымдық, шабындық жер болмаған соң өткен қыста шөпті сатып алыпты. Ал биыл жағдай жақсарған.
Он жыл бұрын бір сиыр сатып алған. Қазір 10 сиыр, 100-ден астам қой мен 2 жылқы бар.
Вероника Сәкенова, Заречное ауылының тұрғыны:
- Біз конкурсқа қатысып, 94 гектар жерді жеңіп алдық. Жазда жайылымнан қиналған жоқпыз. Шөбімізді де шауып алдық. Ары қарай шаруашылығымызды кеңейткіміз келеді. Келер жылы сүтті сиыр тұқымын сатып алу үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысамыз.
Алайда сүтті сиыр ұстау үшін жем мол болуы керек. Шаруашылыққа ендігі қажеті егістік алқап. Алайда маңайдағы егістік жердің көбі бос емес. «Бірқатары ықпалды адамдарға өтіп кеткен болу керек», - дейді шаруа.
Ержан Сәкенов, шаруа қожалығының басшысы:
- Жаңдан ашып жатқан қара халық неше жылдан бері осы арманмен келе жатырмыз. Бар мында үлкен шаруашылықтар шеттен келген, ауылдан емес, сырттан. Солар алып, қолданбайды. Текке тұрған жерлер бар ондай. Біз сияқты жаңа бастаған адамдарға берсе, пайдаланады ғой ондай жерлерді.
Бүгінгі таңда Нұра ауданында 23 мың гектар егістік, 122 мың гектар жайылымдық және шабындық жер игерілмей бос жатыр. Бұған дейін дейін 56 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Тағы 10 мың гектар жерді жыл соңына дейін қайтару бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазір жердің дұрыс мақсатта игерілуін спутниктік бақылау арқылы тексереді. Оны пайдалану бағытына қарай талап та күшейген. Мысалы мал шаруашылығы болса, әр 15 гектар алқапқа бір жылқыдан келуі керек. Сол сынды бір сиырға 12 гектар, ал қой басына кемі 2,5 гектар жер игерілуі тиіс.
Қуаныш Теміров, Нұра ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Дұрыс игермеген жерді қайтарғысы келмейтін адамдар өте көп. Оларға жұмыс тобы барып, қаулы толтырады. Сосын барлық материалды жер ресурстарын бақылау департаментіне жолдайды. Егер жер иесі бір жылда заңға сәйкес жұмыстар істемесе, ол алқаптар сот арқылы мемлекетке қайтарылады.
Жерді жаңадан алғандарға да талап қатаң. Бастапқы 5 жылда мұнда арнайы тексеріс жүреді. Жалпы биыл Қарағанды облысы бойынша 130 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар