Қазақстанға әкелінетін бал өнімдері зертханалық тексеруден толық өтпейді
Елде ара шаруашылығына қатысты заң жүйесі жетілдірілуі тиіс. Омарташыларды талай жыл бойы алаңдатқан бұл мәселе Сенат қабырғасында көтерілді.
Депутаттардың айтуынша, Қазақстанға әкелінетін бал өнімдері зертханалық тексеруден толық өтпейді. Мысалы шекаралық аудандарда арнаулы лабораториялар жоқ. Одан қалды, омарташылар салаға бөлінетін субсидияның уақытылы бөлінбейтініне қынжылады. Бұның бәрі өнім көлемін азайтуға септігін тигізіп жатыр. Былтыр елде 4 мың тонна бал өндірілсе, соның тек 5%-і экспортталған.
Былтыр қазақстандық омарташылар 4 мың тонна бал өндірді. Бұл 90-жылдардың бас кезімен салыстырғанда 12 есе төмен. «Бұның себебі әртүрлі», - дейді мамандар. Отандық бал шетелдік компаниялармен бәсекелесе алмайды. Сенатор Закиржан Кузиевтің сөзінше, қазір ел нарығына сапасы күмән тудыратын өнімнің кіріп кету қаупі жоғары.
Закиржан Кузиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- 1 қыркүйектен бастап Ресейде «бал» деген ұғым заңдық тұрғыда бекітілді. Енді 1 желтоқсаннан бастап оның сапасы ауқымды түрде тексеріледі. Демек, сапасыз бал өнімдерінің Қазақстанға еніп кету қаупі жоғарылайды деген сөз.
Ал Қазақстан нарығы сырттан келетін өнімге қатаң талап қоймайды. Себебі бізде шетелдік стандартқа сай заманауи фитозертхана жоқ. Демек, өнімді экспорттауда ұтылатын тұсымыз көп, дейді шығысқазақстандық кәсіпкер Алексей Қасымбаев.
Алексей Қасымбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Өзіміздегі зертхананың бар болғаны 10 аталым бойынша зерттеу жүргізуге шамасы жетеді. Ал Қытайдағы сондай мекеме 20 түрі бойынша талдау жасайды. Яғни бұның бәрі шекарадағы уақыттың жоғалуына, тауарымыздың қымбаттауына себеп. Бұл мәселені 10 жыл бойы көтеріп келеміз. Әлі шешімін тапқан жоқ.
Осылайша, тексерілмеген өнімді сыртқа таситын қазақстандық омарташылар тәуекелге бел бууға мәжбүр. Яғни тауар кері қайтуы мүмкін. Бұл аз болғандай, арасында субсидияның кеш бөлінуі де шаруаны тежейді.
Геннадий Каллер, ҚР Омарташылар палатасы ОФ директоры:
- Бізге селекциялық жұмыстарға субсидия жетпей қалады. 120-130 млн теңге қажет болған кездері соманың жартысы ғана бөлінеді. Осылайша, келесі толық көлемге жеткенше шаруа қожалықтары қаржылай тығырыққа тіреледі.
Биыл субсидия мәселесі бір жүйеге келгендей болды. Отандық омарташыларға 800 млн теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетілді. Соның ішінде шығысқазақстандық бал өндірушілерге жергілікті бюджет 195 млн теңге субсидия қарастырды.
Дамир Мәмиев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қайда барса да, Шығыс Қазақстан облысын айтса, ол балмен теңестіріледі. Біздің бал Қазақстан Республикасына танымал және біз оны қолдау үшін жыл сайын субсидия төленеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда субсидия үш есеге көбейді.
Жалпы елдегі бал өнімінің 40%-і Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Шөптің түр-түрі өсетін өлкеде бал жетерлік. Сарапшылардың айтуынша, аймақ өзінің экспорттық әлеуетін арттыруға басымдық бермек. «Ара шаруашылығына қатысты 20 жыл бұрын қабылданған заңды өзгертетін уақыт келді», - дейді мамандар.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин