ШҚО-ның Ақбауыр кешенінде сегіз мыңнан астам жәдігер табылды
Шығыс Қазақстан облысындағы Ақбауыр археологиялық кешенінде 8 мыңнан аса артефакт табылды.
Бұл жаз бойы жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі. Жәдігерлер Өскемендегі мұражайға тапсырылды. Археолог Зейнолла Самашевтың айтуынша, биылғы дәйектердің тарихи маңызы жоғары. Мысалы біздің дәуірімізге дейінгі 7-5 ғасырға тиесілі балта, кетпен сынды құрал-саймандар сол кездегі шаруашылықтан мол хабар береді. Ескі қорымнан алынған адам сүйектерінің орны бір төбе, - дейді ғалым. Себебі ол сақ тайпасының өкіліне тиесілі болуы мүмкін. Бұл дерек нақты анықталған жағдайда сақтардың жалпы түр-тұлғасы, сұлбасы жайлы жаңа мәліметтерге жол ашылады.
Зейнолла Самашев, археолог:
- Табылған адам сүйегінің қалдығына талдау жасалады. Соған сүйеніп нақты қай заманға тиесілі екені анықталады. Ары қарай оның өмір сүру салты, ортасы туралы ақпарат аламыз. Тіпті сол кездегі адамдардың жалпы түр-түсі, шашы, көзі қандай болғаны жайлы да тұжырым жасауға мүмкіндік бар.