Түркістанда технологиялық парк құрылады
Жоба шеңберінде электроникалық жабдықтарды жөндейтін және электромобильдерді қуаттайтын станциялар ашу көзделген.
Осы мақсатта облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының IT компания өкілдерімен келіссөз жүргізді.
Технологиялық парк кезең-кезеңмен жүзеге асады. Мамандардың айтуынша, алдымен Түркістанда IT паркті басқаратын штаб-пәтер құрылады. Онда цифрлық көрме залдары мен жергілікті мамандарды даярлайтын орталық орналасады. Одан кейін арнайы экономикалық аймақта оптикалық кабельдер, электроника, компьютерлік және электр жабдықтарын шығаратын кәсіпорын салынады. Сонымен бірге электромобильдерге техникалық қызмет көрсететін орын пайда болады. Бұның бәріне 10 млн доллар жұмсалады.
Марат Айнабеков, Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы:
- Осы жобаны Түркістан қаласында жүзеге асырып, сол арқылы біз өңірде технология саласын дамытудың жаңа бір кезеңіне бетбұрыс жасаймыз деп отырмыз. Қазіргі таңда бізде өнеркәсіп өндірісінің, соның ішінде қазіргі заманғы 4-ші ғылыми-техникалық революцияның негізінде дамып жатқан IT саласының ошақтарын ашу біз үшін өте маңызды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасы Сычуань провинциясының Мяньян қаласынан келген делегациямен кездесті. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас, сауда-экономикалық байланыстар жайы сөз болды.
Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:
- Біздің президентімізбен Қытай мемлекетінің президентінің екеуінің арасында жақсы қарым-қатынас бар. Ендігі кезекте біз өңіраралық қатынасты нығайтуға бастаманы бастап отырмыз. Экономикалық аймақ болғаннына кейін ол жерде де біз терең өңдейтін өндірістерді көздеп отырмыз. Сосын бізде шыққан өнім Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстанға ешқандай салықсыз сата береді ол елдерге де.
Дархан Сатыбалды делегация өкілдерін 31 қазанда Түркістанда өтетін Халықаралық инвестициялық форумға шақырды. Қазір Қытай Қазақстан экономикасына салған инвестиция бойынша ТОП–5 инвестор қатарына кіреді.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш