Блогерлер ₸1 млрд салық төледі

Блогерлер де салық төлейді. Өткен 9 айда олар мемлекетке 1 млрд 226 млн теңге кіріс кіргізген.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша республика бойынша 745 блогер бар. Олар – түрлі әлеуметтік желіде тіркелген 20 мыңнан астам жазылушысы бар жеке тұлғалар. Егер блогер жалдамалы жұмыскер еңбегін пайдаланса немесе оның жылдық табысы 12 есептік төменгі жалақыдан, яғни 1 млн теңгеден асса, ол кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.

Бахтияр Шамарданов, Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалар кірісін әкімшілендіру басқармасының сарапшысы:

- Жалпы отандық блогерлер қазірдің өзінде кәсіпкерлер және қолданылатын салық режиміне байланысты тиісті салықтарын төлейді. Мәселен, соңғы 3 жылда блогерлер ағымдағы жылды қоспағанда 1 млрд 178 млн теңге төледі. 2021 жылдан бастап олар 213 млн теңге төлеген, 2022 жылы 290 млн теңге, ал 2023 жылы 674 млн теңге төледі.