Астанада 62 мың адам салық төлеуден жалтарып жүр
Иә, салық төлейтін мезгілде келіп қалды. Бірақ табысы көп болса да, салықтан жалтарып жүргендер аз емес. Алды көлік салығының өзіне 11 миллион теңге қарыз. Астанада бір емес, бақандай 8 көлігі бар азаматтың берешегі – бұл. Қазір осы елорданың өзінде салық төлемегендер саны 60 мыңнан асып жығылады.
Салық төлемегендердің саны артып келеді. Астанада 62 858 адам мемлекеттік алымнан жалтарып жүр. Олардың жалпы қарызы 2 млрд 616 млн теңгеден асқан. Мүлік салығын төлемегендердің мемлекетке берешегі 476 млн теңгеге жеткен. Ал темір тұлпар тізгіндеп, төлемнен тысқары жүргендердің қарызы – 2,1 млрд теңге. Оның дені қос-қостан көлік мініп, салық төлеуге құлық танытпай жүр.
Ернат Сайлауов, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:
- Мысалы, көлік құралы салығы бойынша Астана қаласында бір жеке тұлғаның атында 8 көлік құралы бойынша иелік етеді. Ол аталған көлік құралдарының жалпы сомасы – 11 млн теңге. Бір адам бойынша 11 млн берешек сома құрайды.
Шымкентте 76 мың адам салық төлемеген
Шымкент шаһарында да бұл шаруа шатқаяқтап тұр. Қазір қалада 76 мың тұрғын салық төлеуден жалтарып жүр. Олардың мемлекетке қарызы 1,9 млрд теңгеден асып кеткен. Оның 1,4 млрд-ы – көлік, ал 512 млн теңгесі – мүлік салығы. Дегенмен жауаптылар мұны жауапсыз қалдырмайды. Қадағалау қатаңдатылады.
Салық төлемегендер жауапқа тартылады
Фарида Мұқашева, Астана қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы:
- Салық бұйырығын дұрыс орындамай жатса, егер өндіру сомасы 40 АЕК асып кетіп жатса, онда шетелге шығуға тыйым салынады. Егер де автокөлік бойынша салық болып жатса, автокөлік міндетті түрде арнайы тұраққа қойылады. Егер өндіретін сома 250 АЕК асып кетсе, онда борышкердің жүргізу туралы куәлігі тоқтатылады.
Сондай-ақ салықтан жалтарғандардың дүние-мүлкі бағаланып, сатуға шығарылады. Бұған қоса барлық есеп шоттары бұғатталады.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ербол Дайыров.