Қостанай облысында 184 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Биыл Қостанай облысында 184 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды 24KZ. Оның басым бөлігі – жайылым. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша игерусіз жатқан алқаптарды қайтарып алу жұмыстары өңірдің оңтүстік аудандарында қызу жүріп жатыр. Осыған байланысты туындаған дау-дамай да аз емес. Бірі жерді негізсіз тартып алды десе, енді бірі дұрыс бөлінбеді деп наразы.

Амангелді ауданының Үрпек ауылдық округі – жер көлемі жағынан елдегі ең ірісі. Бір шеті Жезқазғанмен шектесетін жазық даланың жалпы аумағы 900 мың гектардан асады. «Осынау ұлан-ғайыр атыраптың әр пұшпағының иесі бар», – дейді мұндағылар.

Минерал Оспанов, шаруа:

- Біздің округ бойынша, менің білуімше, бос жерлер жоқ. Өйткені жер сұрап барған жағдайда барлық жердің иелері бар. Ертеректе алып, кейбіреулер бар, әлі игере алмай жатқан жерлер бар. Бос жатқан жерлерді қайтару деген мәселе бұл негізі құптарлық. Игерілмей жатқан жерлерді неге істеймін деген адамға бермеске?!

Бұл аудандағы шаруалар ата кәсіппен айналысады. Әрқайсысының кемінде жүздің үстінде ірілі-ұсақты малы бар. Мысалы, 10 жылдан астам төрт түлік өсіріп келе жатқан ағайынды Мырзағали мен Мұрат Тұрмағанбетовтер 300-ден астам ірі қара, 130-ға жуық жылқы ұстайды. Екі жыл бұрын 400 гектар жер алып, мал азықтық дақыл екпек ойлары болған. Бірақ кейін берілген жерді қайтадан алып қойған.

Мырзағали Тұрмағанбетов, шаруа:

- Малдың жемшөбін, қыстық азығын дайындаймыз деген мақсатта алынған жер. Енді соған бірінші жылы техникаларымызды дайындадық. Жер жыртатын соқамызды, «сеялкамызды» – бәрін алып қойғанда «әлі сен игеруге жағдайың келмейді, уақытында игерген жоқсың», – деп жерімізді қайтарып алды.

«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың өзіндік талаптары бар», – дейді жауапты саланың өкілдері. Мысалы, берілген жайылымдық жерде мал саны тиісті нормасының жартысына жетпесе, онда жер дұрыс пайдаланылмайды деп саналады. Сонымен бірге жыл сайын шабындық шабылып, егістік алқап өңделіп игерілуі – міндет. Осы талап үрдісінен шықпаған аудандағы біраз шаруалар өз жерлерінен айырылған. 

Әли Қарғабай, Амангелді ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Ағымдағы жылы Амангелді ауданында 13 500 гектар жер учаскелері мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылып, Амангелді ауданының арнайы жер қорына енгізілді. Жеті шаруа қожалығынан және бір жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен. Ал жалпы биылғы 30 мың гектарды қазір құрап тұр, қалғандары түсіндіру жұмыстарынан кейін өз арызы негізінде мемлекет меншігіне қайтарылды.

Қайтарылған жерлер конкурс арқылы 49 жылға жалға беріледі. Бірақ ол үшін жерді игеремін деген ниетімен қоса мүмкіндігі болуы шарт.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.