Ерейментау ауданында игерілмеген жер мемлекетке қайтарылды

Ақмола облысында игерілмей жатқан жер мемлекет қорына қайтарылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Мысалы, Ерейментау ауданында аумағы 15 мың гектардан асатын алты жер телімі қайтарылды.

Оның жалпы құны 150 миллион теңгеге жуықтайды. Прокуратура өкілдерінің сөзінше, бұл алқаптар мақсаты бойынша пайдаланылмаған. Қазір тағы бірнеше жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Меруерт Байболова, Ақмола облысы прокурорының көмекшісі:

- Сондай-ақ Ерейментау ауданы прокуратурасының бастамасымен жалпы кадастрлық құны 408 млн теңгені құрайтын ауданы 59,2 мың гектар 8 жер телімін алып қою бойынша азаматтық істер сотта қаралып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.