Жүргізушілер сақтандыру компанияларынан мардымды өтемақы ала алмай жүр
Елімізде 5,5 млн-ға жуық көлік тіркелген. Темір тұлпар тізгіндегендер жыл сайын сақтандыру компаниясына төлем аударады, деп хабарлайды 24kz.
Биыл қазақстандықтар көлігін міндетті сақтандыруға 51 млрд 732 млн теңге құйған. Ал жол апаты болған жағдайда сақтандыру компаниялары жеткілікті деңгейде төлем жасай ма? Сарапшылар төлем өңдіріп алу үшін біраз тер төгу керектігін айтады.
Асыл Қуанышбекқызы, тілші:
- Биыл елімізде 19 мыңнан астам жол-көлік апаты тіркелген. Мұндай көрсеткіш соңғы 10 жылда болмапты. Өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Яғни, күн сайын 50 көлік апатқа ұшырайды деген сөз. Оқыс жағдайда көлігін қиратып алғандар шығынды өтеуі тиіс сақтандыру компанияларынан мардымды өтемақы ала алмайтынына наразы.
Жайна Асыланбекқызы, қала тұрғыны:
- Сақтандыру компаниялары тек өздеріне тиімді жолды таңдайды. Менің таныстарым өте көп, мұндай жағдайлар өте жиі кездеседі. Көбінесе мардымсыз жауап, қанағаттанарлық жауап ала алмаймыз.
Бұл мәселе депутат Елнұр Бейсенбаевты да алаңдатты. Оның айтуынша, дамыған елдерде сақтандыру төлемі азаматтар үшін қаржылық тәуекелдерді азайтуға арналған құрал. Ал біздің елде кәсіпкерлердің пайда көзіне айналған.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР ПарламентІ Мәжілісінің депутаты:
- Сақтандыру компаниялары залал сомасын өз бетінше бағалап, барлық жерде төлем мөлшерін төмендетеді. Адамдар автокөлікті қалпына келтіру үшін өз жинақтарын жұмсауға мәжбүр. Төмен бағаны негіздейтін ешкім жоқ. Өйткені тәуелсіз бағалаушылар істен алыстап кетті. Ал сотқа жүгіну ұзақ және қымбат процесс.
Заңгер Айшат Уәлиола мұндай мәселемен келетін жандардың қарасы көп екенін айтады. Биылдың өзінде осындай 3 істі қараған. Оның біреуі ғана қанағаттандырылып, екеуі кері қайтарылған.
Айшат Уәлиола, заңгер:
- Факт бойынша өзінікі дұрыс дейді, бірақ оны дәлелдеу өте қиын. Оны дәлелдеу үшін өте сауатты болу керексің. Өте мұқият, сағатына, минутына дейін көрсетіп дәлелдеу керек. Мықты, білімді заңгер болу керек. Ал екінің бірі білімді заңгер емес қой. Екінің бірі түсіне бермейді ғой. «Мені қорғап тұр, менің мүлкім қорғалып тұр», - деп ойлайды. Ал басына іс түскенде, басына қиындық түскенде ол өзі кінәлі болып шығады. Өзіңе айыппұл салады, өзіңе жауап тартылады.
Жалпы сақтандырудың екі түрі бар, міндетті және ерікті. Жыл басынан бері көлік жүргізушілері міндетті сақтандыру үшін 202 млрд 850 млн теңге құйған. Оның 51млрд 732 млн теңгесін автокөлікті сақтандыруға құйған. Ал ерікті сақтандыруға азаматтар 57 млрд, 629 млн теңге, темір тұлпарын сақтандыруға 17 млрд 815 млн теңге төлем жасаған.
ЖКО түскен жағдайда не істеу қажет? Апатқа ұшырасаңыз, бірден мынаны ескеріңіз. 102 байланыс нөміріне хабарласыңыз. Жақын маңдағы жол-патурльдік полиция қызметкері келгенше оқиға орнынан қозғалмаңыз. Жол-көлік оқиғасына кінәлі адамға заң аясында шара қолданылады.
Асыл Қуанышбекқызы, тілші:
- Міндетті автосақтандыру бойынша тиісті компаниялар көлік иесіне 600 АЕК көлемінде, яғни, 2 млн 215 мың теңге өтеп беруі керек. Оған қоса, зардап шеккендер болса, 300 АЕК 1 млн 107 мың 600 теңге өтеуі тиіс. Сақтандыру компаниясы 5 жұмыс күні ішінде бағалаушыны жіберіп, оның нәтижесі ұялы телефонынға хабарлама болып түседі. Егер бағаланған шығын көлемімен келіспесеңіз, сақтандыру омбудсменінің көмегіне жүгініп, өтініш қалдыруға болады. Ол сотқа дейінгі дауларды шешуі тиіс. Оның жауабына да, қанағаттанбасаңыз, сотқа жүгінуге құқылысыз.
Авторлары: Асыл Қуанышбекқызы, Арман Ақшабаев