Оралда су тасқыны кезінде бүлінген алма бағы қалпына келтіріліп жатыр

Оралда Исаев атындағы үлкен алма бағы қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Көктемде Шаған өзені арнасынан асып, бақшаны екі ай бойы су басып қалды. Сол кезде мыңдаған алма-алмұрт ағаштары қурап қалған еді. 300 млн теңгеге шығын келтірілді. Дегенмен, мемлекет тарапынан кәсіпкерге тиісті өтемақы берілді.

Қайрат Кәрімов жұбайымен Шаған өзенінің жағасындағы осынау кең жерді үлкен алма баққа айналдырды. 10 жылдан астам тынымсыз еңбек етіп, алма мен жүзімнің 200-ге жуық түрін өсірді. Әдемі де ерекше ағаштарды екті. Бірақ тасқын еңбекті еш қылды. Жеміс ағаштарының 80%-і өлді. «Аман қалғаны жүзім ғана», - деп таңданады бағбан.

Қайрат Кәрімов, бағбан:

- Расында жүзімдер 100% аман қалды. Оған қоса, мол жеміс берді. Бұл шынында өте қызық жағдай.

Қазір бақша аумағы қалыпқа келтіріліп жатыр. Өлген жеміс ағаштары тамырымен жұлынып, орнына жаңасы егіледі. Жергілікті билік 300 млн теңге көлеміндегі шығынды ішінара өтеген. Бірақ селекционердің айтуынша, бау-бақшаның ерекшелігі ескерілмеген.

Қайрат Кәрімов, бағбан:

- Ғалымдар бағымызды жай ғана бақ емес, құнды ғылыми коллекциялық бақ ретінде бағалау керегін айтты. Өкінішке қарай, олай болмады. Дегенмен, біз жұмысты жалғастырамыз. Қайта қалыпқа келтіруге 10 жылдай уақыт керек.

Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар шығынды бағалау күрделі мәселе деп отыр. Олар бау-бақшаның ғылыми құндылығы барын мойындайды

Рүстем Зұлқашев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздің қолданып отырған әдістеме бойынша 104 млн теңге қаржы төленді. Біздер енді оны қолымыздағы әдістеме бойынша жалпы қарапайым бақ ретінде біздің есептеу әдісіміз сол. Енді оны ерекше бақ, онда басқа жерде кездеспейтін өсімдіктер бар. «Мұндай үлкен ғылыми маңызы бар бұл бақтың» деген пікірлер айтылып жатыр. Бірақ біздің қолданыстағы әдістемемен сондай сома шығарып бердік.

Көктемде өңірдің ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай шығынға ұшырады. Екі жарым мың бас ірі қара мен ұсақ мал қырылды. 4 мың гектарға жуық егістік алқап суда қалды. Шаруаларға 400 млн теңге көлемінде өтемақы берілген.

Авторы: Аслан Шығыр