Түркістан облысында шағын мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылды
Түркістан облысында банкрот деп танылған шағын мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.
Инвесторлардың қаражаты есебінен кәсіпорынға күрделі жөндеу жасалып, өндірісті жандандыру жоспары бекітілді. Алайда бұрынғы иелері сауданың заңды күшін даулау үшін сотқа шағымданған.
Күрделі жөндеуден өткен кәсіпорынның шикізат қоры толықтырылды. Нәтижесінде 1 жылда 256 мың тонна мұнайдан қазандық отыны, көмірсутек еріткіші мен нафта өндірілмек. Ол үшін өңдеу технологиясы жаңғыртылып, жұмысшы мамандардың кәсіби біліктілігі жетілдірілді.
Георгий Якимов, көмірсутек шикізатын өңдеу цехының ауысым бастығы:
- Осы жерде мені үйретті, оқытты. Әртүрлі сертификаттар алдым. Қолымда 4 оператор бар. Мен мониторда қарап, бақылап отырамын. Айлық уақытылы төлейді. Маған бәрі ұнайды осы мекемеде.
Зауыттың 2024-2026 жылдарға арналған даму жоспары жасалды. «Алдағы уақытта қосымша инвестиция тарттылып, өндірістік қуаттылық екі есе артады», - дейді мамандар.
Серік Әуезбаев, «Mangystau Oil Refining» ЖШС атқарушы директоры:
- Инвестициялық қаражаттардан 20-22 млрд теңге қосымша осы жерге құйылғалы жатыр. Оған зауыттың қуаттылығы көбейтіліп, жаңадан жұмыс орындары ашылады тағы да.
Алайда электронды сауда алаңынан сатып алынған зауыт іске қосылғанда қайта тоқтатылуы мүмкін. Себебі бұрынғы иелері кредитордың нарықтық бағалауына күмән келтіріп, сотқа шағымданған. Енді сауда-саттықтың заңды күшін жою туралы талап-арыз қаралып жатыр.
Әбдіманап Исабаев, «Mangystau Oil Refining» ЖШС ресми өкілі:
- Жалпы 200 млн АҚШ доллары болатын қосымша инвестиция тартудың тәуекелі жоғары болып тұр. Инвестор кепілдігі сақталмағаннан кейін күмән көбейді. Ашық электронды алаңда сатып алынғанына қарамастан зауытты қайтару мәселесі көтеріліп жатыр. Ал бұл біздің компания басшылығын алаңдатады
Бұған дейін банкрот деп танылған зауытты қайта іске қосу үшін 2 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Кәсіпорынды дамыту жоспары толық жүзеге асқанда ішкі нарықты сапалы сұйық отынмен де қамтуға мүмкіндік тумақ. Бірақ ендігі зауыттың иелікте қалу, қалмауын сот шешеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов