Қазақстандық трансформаторлар шетелде сұранысқа ие

Отандық Alageum Electric компаниялар тобының өнімдері Орталық Азия және ТМД елдерінде қолданыста, деп хабарлайды 24kz.

Компания Алматыда ашылған PowerExpo 22-ші Халықаралық «Энергетика, электротехника және энергетикалық машина жасау» көрмесіне қатысып, өнімдерін таныстырды.

Alageum Electric компаниялар тобының нарықта жүргеніне 27 жыл. Алайда, компания кеңес заманында жұмыс істеген Кентау, Орал трансформатор зауытттары, «Петропавл электротехникалық зауыты» сияқты 30-дан астам кәсіпорынның басын біріктіреді. Сондықтан  электр жабдықтарын өндіруде компанияның тәжірибесі мол. Өндіріс орны жылына 30 мыңнан астам трансформатор шығарады. Оның 6 мыңы Қазақстан нарығында сатылса, қалғаны экспортталады.

Серік Жағапаров, Alageum Electric компаниялар тобы сату жөніндегі директордың орынбасары:

- Біз тұрақты экспортпен айналысамыз.  Қазақстандық трансформаторлар тек Орталық Азия елдеріне және ТМД елдеріне ғана емес, сонымен қатар Кубаға жөнелтілгенін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, қазақстандық трансформаторлар Молдова және Шығыс Еуропаның басқа елдерінде табысты жұмыс істеп тұр.

«Өндірісте жергілікті шикізат қолданылады», - дейді компания өкілдері. Бүгінде қазақстандық үлес 70%-ке жеткен. Өндірістік процестерді жетілдіру де үздіксіз жүргізіліп келеді. Табысты бизнес ғылымның арқасында дамиды. Әлеуметтік жауапкершілікті басымдыққа алатын компаниялар тобы отандық ғылымның дамуына да көмектесіп келеді.

Аида Баймақова, Alageum Electric компаниялар тобының маркетинг және pr бойынша директоры:

- 2023 жылы ғылыми әзірлеме арқасында Орталық Азияда теңдесі жоқ үш фазалы автотрансформатор шығардық. Трансформаторлар Қазақстандағы энергетикалық нысанға орнатылды. Біздің кәсіпорындар жыл сайын Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнімдерді өндіріске енгізумен ерекшеленеді.

Alageum Electric компаниялар тобы дайын өнімнен бөлек, нысанды жобалаудан бастап, толығымен іске қосып та береді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев