Журналист Сейітқазы Матаев 70 жасқа толды
Бүгін белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, қоғам қайраткері Сейітқазы Матаев 70 жасқа толды.
Сейітқазы Бейсенғазыұлы билік пен БАҚ арасындағы дәнекер «баспасөз хатшысы» атты қызметті алғаш игерген жандардың бірі. Ол тұңғыш президенттің бірінші баспасөз хатшысы болды. Тәуелсіз Қазақстандағы объективті журналистиканың дамуына үлес қосты.
Ардагер журналистің әр таңы жаңалықтар шолуынан басталады. Бұл қалыптасқан әдет, - дейді өзі. Қазақстандық телеарналардың ішінен 24КЗ телеарнасын үнемі көреді. Айтуынша, мұнда жедел әрі эксклюзивті жаңалықтар беріледі. Сейітқазы Матаевтың саладағы еңбек жолы оңай болмағанымен, екінің біріне бұйыра бермейтін жарқын сәттері де аз емес. ҚазТАГ-тың қатардағы тілшісінен бастап, «Индустриалды Қарағанды» газетінің редакторының орынбасары болған Сейітқазы Бейсенғазыұлы Қазақстанның тұңғыш президентінің бірінші баспасөз хатшысы болды.
Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы:
- Менің ең жақсы сәттерім 89-жылы басталды. Америкаға бардым, Қытайға бардым. «Известия» газетінің тілшісі болдым. Онда былай жұмысқа алған жоқ. Меншікті тілші болып. Біз КСРО-да істедік. Сонда мен тілші болып істедім. Сонда мен Москваға барғанда мен көп шетелден келген журналистермен кездестім. Сол жақсы.
Сейітқазы Матаев ҚазТАГ-тың жұмысын жандандыра түсті. Ақпарат кеңістігінен өз орнын тапқан агенттік уақыт өте келе Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан елдерінен өкілдіктерін ашты. Қазақстан журналистер одағы 1959 жылы құрылған еді. 2001 жылы қоғамдық бірлестік ретінде қайта тіркеуден өтіп, оған Сейітқазы Бейсенғазыұлы төраға болып сайланды. Ұлттық баспасөз клубын ашып, сан тарапқа микрофон ұсынды. Бұл кәсібиліктің көрінісі, - дейді әріптестері.
Ләйла Ахметова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің профессоры:
- Жалпы мақсат Қазақстанның ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі журналистердің басын қосу міндеті болды. Бұл да Сейітқазы Матаветың жаңа кәсібилік қыры десем болады. Журналистикадағы еңбегі орасан.
Өмірінің қай сәтінде де қасынан табылған жары Баян Рамазановаға құрметі ерекше. Студенттік шақта тоғысқан жолдары 46 жыл бойы жалғасып келеді. Екеуіміз де бір салада болған соң пікірлесер ортақ тақырып та көп, түсіністік те бар, дейді олар.
Баян Рамазанова, Сейітқазы Матаевтың жары:
- Үйде жиі бола бермейтін. Әрдайым журналистерді қолдап, олардың мәселесін шешуге тырысатын. Мысалы, аймақта бір журналисті жұмыстан негізсіз шығарып жіберсе, ол ерінбей, ұшаққа билет алып, сол өңірге ұшып барып, журналистпен кездесіп, әкімдермен, кәсіпорындармен кездесіп, мәселені шешетін.
Ардагер журналист қазіргі ақпарат саласын да жіті бақылап отырады. Әлеуметтік желі пайда болғаны журналистиканың бағыт-бағдары өзгерді, - дейді ол. Газеттің ұстаханасынан ысылып шыққан маман «журналист бірінші кезекте халықтың пікіріне құлақасу қажет», - дейді
Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы:
- Тура сөйлеу керек. Содан кейін халықта болған мәселелерді көтеру керек. Халық бәрін біліп отырады. Бірінші халықпен сөйлесу керек.
Сейітқазы Матаев қазір өзінің жүріп өткен жолы туралы кітап жазу үстінде. Жаңа еңбек 70 жылдық мерейтойына орай жарық көрмек.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов