Қызылорда іргесіндегі елді мекенде газ жоқ

Қызылорда қаласының іргесіндегі елді мекен тұрғындары көгілдір отынды күтіп жүр.

Бұрын саяжай ұжымы болған «Сабалақ» елді мекенінде төрт мыңға жуық адам тұрады.

«Сабалақ» саяжайы Қызылорда қаласына қарасты елдімекендер қатарына қосылғаннан кейін кейін, инфрақұрылымды жаңғыртуға бюджеттен қаржы бөліне бастады. Ауыз су жүйесі тартылып, жарық желісі жаңартылды.  Енді тұрғындар ұзақ жыл күткен газ мәселесі шешілсе деп үміттеніп отыр. 

Ғазиза Тоқтыбаева, қала тұрғыны:

- Осы қаламен бірдей газ қосылса барлығымыз бірдей болсақ деген. Газсыз қиын ғой. Түн ортасында суып кетеді. От жағу керек. Сол газ болса, жақсы болар еді.

Әзілхан Әбдіғазыұлының отбасында 7 жан бар. Шағын үйін жылыту үшін бір тәулікте 2 рет пеш жағады. Көмір жыл сайын қымбаттап барады,-дейді зейнеткер. 

Әзілхан Әбдіғазыұлы, қала тұрғыны:

- Менің қазір алғаным 4 тонна көмір. Оның алдында 15-14 мың теңгеден алып жүргенбіз. Қазір қымбаттады. Биыл 18 мың теңгеден алдым. Болады деді газ. Әзір келген жоқ қой, дайындалып жатыр ғой бәрі.

Георгий Першин, қала тұрғыны:

- Тасбөгет кентінің әкімдігінен келіп газ болады деп 10 жыл бұрын уәде берілген. Содан бері үміттеніп жүрдік. Кейін тұрғындар әкімдікке барып, сол уәденің орындалуын сұрады. Содан кейін ғана құбыр тарту жұмыстары басталды.

Қала әкімдігінің мәліметі бойынша, «Сабалақ» елді мекеніне газ жүргізу үшін құны 3 миллиард 300 миллион теңгеге жоба дайындалған. «Оның 10 пайызы облыстық бюджеттен бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде»,-дейді қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай. 

Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:

- «Сабалақ» саяжайына барлығы 86 шақырым газ тартылу керек болатын болса, оның 38 шақырымы жүргізіліп қойылып отыр. Қалған қаражатын қазіргі таңда республикалық бюджеттен ұсынып отырмыз. Сол қаражат келген жағдайда биыл болмаса да, келесі жылы толық «Сабалақ» газдандырылады.

Айта кетейік, бүгінде Қызылорда қаласы мен оған қарасты елдімекендердің 90 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Алдағы уақытта Қызылөзек, Айнакөл ауылдық округтеріне газ тарту жоспарланып отыр,-дейді мамандар. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев