Шығыста Ертіс өзенінің арнасын бұру жұмыстары басталады

Шығыс Қазақстан облысында Ертіс өзенінің арнасын бұру жұмыстары басталады.

Бұл жоба Глубокое ауданында іске асады. Өзен жыл сайын жағаны шайып, сол жердегі бірнеше елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Қазірдің өзінде су кейбір үйлердің іргесіне жақындап қалды. Жағалауды құтқарушылар бақылауға алған.

Прапорщиково ауылындағы он үйдің тұрғыны Ертістің суы баспанамызды шайып кете ме деп алаңдаулы. Өйткені өзен арнасы күн өткен сайын елді мекенге қарай жақындап келеді. Қазір жағалаудағы жағдайды құтқарушылар бақылап отыр. Бұл мәселе талайдан бері айтылып келсе де, жергілікті билік енді ғана қозғала бастаған.

Аян Мәкиев, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары:

- Жағдай ушығатын болса, тұрғындарды көшіріп апаратындай пәтер дайын тұр. Біз осыған дейін де сол баспанаға көшу туралы ұсыныс айтқан едік.Бірақ ешкім келіспеді. Енді ең бастысы осы жерде жағаны  бекіту жұмыстарын уақтылы бастау болып тұр.

Өзен табанын тереңдету үшін арнайы техникалар жеткізілді. Дегенмен жұмыстың таяу арада басталуы екіталай сияқты, деп алаңдайды тұрғындар. Ағын су Нина Ефимованың ауласы мен бақшасын жартылай шайып кеткен. Зейнеткер жыл сайын осындай келеңсіздікпен әуреленіп келем,- деп қынжылады. Сондықтан шаруаны неқұрлым жеделдетуді сұрайды.

Нина Ефимова, Прапорщиково ауылының тұрғыны:

- Менің үйімнің тұсындағы жаға жыл сайын 10 метрге жылжып келе жатыр. 18 сотық бақшамнан түк қалмайтын сияқты. Қоршап тұрған шарбақты да су шайып кетті.

Арнаны бұру жұмысымен айналысатын мердігер компания өкілі Ғалымжан Уатаевтың туған-туысы да осы жерде тұрып жатыр. Сондықтан ол жағдайға әбден қанық. 

Ғалымжан Уатаев, мердігер компания жетекшісі:

- Қазір жобаны мақұлдау шаралары аяқталып қалды. Барлық рұқсат қағаздары қолымызға тиген соң біз бірден жұмысқа кірісеміз. 

Бекітілген жоба нәтижесінде өзеннің ортасында пайда болған аралдар жойылып, Ертіс бұрынғы арнасына оралады. Демек,ондаған баспанаға төнген қауіп те сейіледі. Прапорщиковамен қатар Уварова ауылының маңында да осындай жұмыс жүргізіледі. 

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин