КИРЕБ жүйесі алименттен жалтарғанды бейнебақылау арқылы тауып береді

Елде алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді іздеп табу жеңілдеді. Оған Бас прокуратура әзірлеп, іске қосқан "КИРЕБ" жүйесі көмегін тигізуде.

Жаңа жүйе алиментшілердің жүріс-тұрысын айналадағы бейнебақылау құрылғылары арқылы анықтайды. 2 айдан астам уақыт ішінде іздеуде жүрген 500-ден астам адам табылып, ескерту алған. Бірақ, борышкерлер саны бұнымен азая ма? Алиментті аз төлеу үшін табысын жасырып жүргендерге қандай шара бар? Тақырыпты тілші зерттеп көрді.

"КИРЕБ" жүйесі – алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді бейнебақылау арқылы іздеп табатын жаңа әдіс. Мәселен, борышкер емхана, мектеп не балабақша ғимаратына кірсе, немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына барса, бет-бейнені тану жүйесі арқылы автоматты түрде «қолға түседі». Әуе, теміржол билетін алған кезде де "КИРЕБ" жүйесінің қырағы көзіне шалынуы мүмкін. Жүйе іске қосылғалы өңірлерде жүздеген алиментші ескерту хабарламасын алған.

Бұлайша іздеу салудың себебі – борышкер тұрғылықты мекенжайын жасырады. Ал жеке сот орындаушы жаңа жүйе арқылы түскен деректерді өңдеп, сот актісін орындау үшін нақты шара қабылдайды. 

Азамат Бердыбеков, ҚР Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы төрағасының орынбасары:

- Абай облысының жеке сот орындаушысы борышкерді іздеуге жариялаған. Алайда борышкер Алматы қаласының мектебіне бала шағасын мектепке апару кезінде сол мектептің бейнебақылауына түсіп, тану арқылы Абай облысының борышкері Алматы қаласынан табылған бізде мәлімет бар. Дәл солай теміржол билетін алып Ақтөбе қаласынан басқа қалаға жол тартқан борышкер осы КИРЕБ жүйесімен анықталып, теміржол бекеттерінен ұсталған.

Жауапсыз ата-анадан алимент өндірудің жолдары

Борышкерлерді қолға түсіру мәселесімен қатар, табысын жасыратындар да аз емес. Депутат Жанна Асанова алимент төлейтін ата-ана іс жүзінде табысын ең төменгі жалақы яғни 85 мың теңге етіп көрсететіндер баршылық, деді. Бұндай жағдайда алимент төлеушінің жұмыс орнынан алынған анықтама мен зейнетақы аударымдары салыстырылады. Көбіне сәйкессіздік анықталады. Сенаторлар алименттің неғұрлым әділ мөлшерін белгілеу қажет, дейді. Заңнаманы қайта қарау ұсынылды. 

Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Нәтижесінде бір балаға алимент небәрі 22 мың теңгені құрайды, бұл тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша айына 130 мың теңгеге жететін баланың нақты қажеттілігі туралы айтпағанда, ең төменгі күнкөріс деңгейінен әлдеқайда аз. Біздің еліміздегі әрбір бала тек тамақ пен киім ғана емес, сонымен қатар білім алуға, медициналық қызмет пен басқа да әлеуметтік игіліктерге қол жеткізуді қамтитын лайықты өмір сүру деңгейіне құқылы. Алимент мөлшерін анықтаудың қолданыстағы тәртібі ескірді және баланың жас ерекшелігі ескерілмейді.  

Осы айтылған мәселенің барлығын үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Шымкент қаласының тұрғыны бастан өткеріп келеді. Алимент өндіре алмай жүргеніне 3 жылдан асқан. Бұрынғы жұбайы балаларының қамқорлығы үшін 4 млн теңгеден астам берешек.

Шымкент қаласының тұрғыны:

- Негізі жұмыс істейді. Жеке мекемелерде жұмыс істейді айлығын жасырады ғой андай қылып. Үкіметтен 49 жылға жер телімі бар арендаға алған. Алиментті 2021ж қараша айында жазғам, одан бері 2 рет алдым сол жеке сот орындаушылардың жұмысымен сотқа тартып істі. Одан бері төлеген жоқ. 2023 ж 1 рет төледі и 2022 де үш күн қамаққа алынған кезінде шығару үшін төледі 1 рет.

Жеке сот орындаушыларының көмегімен биылғы 9 айда 7 млрд теңге алимент өндірілді. Ал төленбегені - 43 млрд теңге. Қазір қарауда 281 мың іс бар. Жағдайды қайтіп түзетеміз?  Мәжілісмен Магеррам Магеррамов Мемлекеттік алименттік қор құруды талап етті. Ол салықтық емес түсімдер есебінен жұмыс істеуге тиіс. Қор 3 айдан астам алимент алмаған балаларға төлем жасауды көздейді. Елде жарты млн-нан астам бала осындай көмекке мұқтаж. 

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінде алимент өндіру мәселесі шешілетіндей ешбір алғышарт жоқ. Балаларды қолдау мен олардың алимент алуға құқығын ескере отырып Қазақстан халық партиясы Алименттік қор құруды бұрыннан ұсынып келе жатыр. Қор салықтық емес түсімдерден толтырылады. Былтыр бұндай түсімдер 450%-ға асыра орындалды. Сол себепті, мемлекетке шығыны айтарлықтай көп емес. Алайда, бұл өскелең ұрпақ үшін баға жетпес көмек болар еді.

Дамыған елдерде отбасы соттары жұмыс істейді. Бұл тәжірибе біздің елге де керек-ақ. Республикалық Әкелер одағының төрағасы Мақсұтбек Айтмағамбет осындай пікірде. Айтуынша, бізде шаңырақ құру мәдениеті бар. Бірақ қоғамда ажырасу тақырыбына көңіл бөлінбейді. Сот әр отбасының ерекшелігін ескеріп, баланың жасы, тұрғылықты мекені мен тұрмыс деңгейіне сай алимент көлемін нақты белгілеуі қажет. 

Мақсұтбек Айтмағанбет, "Әкелер одағы" РҚБ Төрағасы:

- Баланы қорғайтын мемлекет қой. Мемлекет кірісіп осы мәселені шешуі керек. Дұрыс, жаңағы алимент төленетін мөлшерін көтеру керек екенін біз қолдаймыз. Бірақ ең бірінші бұл жерде Алименттік қор құру керек. Бұны уақытында төлету керек бұл екінші мәселе. айырылысатын кезде тек қана мемлекеттің емес, сотардың да жұмысы дұрыс болу керек. Шешімдер шыққан кезде әр отбасын бөлек тексріп асықпай шешімдерді көрсету керек.

Мәселен, қалада мектеп жасындағы бір бала күніне ас-ауқатқа орта есеппен 1 мың теңге жұмсайды. Бұл соманы апта күндеріне, одан соң айларға көбейтіңіз. Жеткіншектің жүріп-тұруына, киім-кешегіне қаражат қажет. Бұл жалғызбасты ата-ана түгілі, кез келген қарапайым отбасының бюджетіне салмақ. Сарапшылар баланың толыққанды өсіп-жетілуі үшін алимент өндіру мәселесін шешу әлі де жан-жақты қарастырылуы қажет, - дейді.

Рухани Асқар, Марат Диханбаев, Нұрсұлтан Мұхамеджан