Отандық автоөнеркәсіп қазақша «сөйлей» бастады
Алматыда автокөліктерге арналған мультимедиалы жүйелер шығаратын зауыт ашылды.
Кәсіпорындағы жүйелерге қазақ тілі интеграцияланған. Ал ондағы жұмыстар Оңтүстік Кореялық технологиялары арқылы жүзеге асады. Отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында Үкімет кешенді шараларды іске асырып отыр. Себебі мұндай зауыттың ашылуы – жоғары деңгейдегі қайта өңдеуді игеру және ірі өнеркәсіптік нысандардың жанында іргелес өндірістерді құрудағы маңызды қадамдардың бірі. Жалпы жаңа нысанды іске қосу Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерге сай келеді.
ЦИТАТА
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Мультимедиалық жүйелер цифрлық технологиялар мен инженерия саласындағы бірінші дәрежелі мамандардың құзыреттілігін талап ететін өндіріс болып табылады. Мұндағы мақсат – жоғары локализацияланған өндіріс циклын құру. Біз отандық шикізат пен басқа да қажетті заттарды пайдаланатын боламыз. Бұл жобаның ел үшін маңызы зор.
Алматының Индустриалды аймағындағы бұл жоба – отандық автоөнеркәсіпті қолдауға бағытталған. Сондай-ақ алдағы уақытта автокреслолар, автокөліктерге арналған резеңке және пластик бұйымдарын шығаратын зауыттар мен логистикалық хабты іске қосу жоспарланып отыр. Кластер аумағында 90-нан астам маман жұмыс істейді, ал барлық өндірістік кешен қызметкерлерінің штаты, шамамен 400 адамға жуықтайды деп күтілуде.