31 қазан – Әскери байланысшылар күні
31 қазан – әскери байланысшылардың кәсіби мерекесі. Дәл осы күні 1994 жылы Қорғаныс министрінің директивасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының байланыс басқармасы құрылған болатын. Содан бері әскери байланысшылар тәулік бойы Қарулы Күштерді заманауи, тиімді және сенімді байланыспен қамтамасыз етіп келеді.
Қазіргі уақытта байланыс полкінің мамандары қысқы мезгілге дайындалып жатыр. Әскерилер техниканы мұқият тексеріп, әрбір құрал-жабдықтың дұрыстығына көз жеткізеді. Олар байланыс тораптары мен техниканың жарамдылығын үнемі бақылап отырады. Бұл бөлім Қазақстан әскери ведомствосына және Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысына тікелей бағынады. Бөлім командирі полковник Александр Тимофеевтің айтуынша, мұндағы байланыс жүйелерінің бәрі – соңғы үлгідегі заманауи техникалар. Сондықтан кез келген талап үдесінен шығады.
Александр Тимофеев, 78460 әскери бөлімінің командирі:
- Біздің әскери құрал-жабдықтар мен қондырғылар, байланыс құралдары автоматтандырылған басқару жүйесі кешеніне жатады. Бұл дегеніңіз үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеуге мүмкіндік береді. Соны пайдалана отырып, нақты дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
Мұндағы техниканың дені – отандық әскери-өнеркәсіп кешенінің өнімі. Бұл – автокөліктерден бастап, сандық жылжымалы радиорелелік және тропосфералық стансылар, спутниктік байланыс кешендері. Солардың бірі – былтыр Петропавлдағы Киров зауытынан алынған радиорелелік Р-409 МЦ стансысы. Бұдан басқа әртүрлі қуат көзімен қамтамасыз ететін құрылғылар бар.
Бұл көліктер – байланыс техникалары. Яғни, кез келген жерден тоқтап, дизельді генераторды іске қосып, антеннаны көтеріп, байланыс орнатады. Жоғары басшылыққа тез арада ақпаратты жеткізіп береді. Әскерилердің айтуынша, бұл техникалар жол талғамайды. Барлық оқу-жаттығуларында қолданылады.
Қазіргі күнді байланыссыз елестету мүмкін емес. Далалық оқу-жаттығу кезінде оның маңызы тіптен арта түседі. «Себебі байланыс әскерді дұрыс басқаруға мүмкіндік береді», – дейді сержант Марат Сандыбаев. Әр техниканың атқаратын қызметі маңызды.
Марат Сандыбаев, 78460 әскери бөлімі байланыс қызметінің сержанты:
- Спутниктік байланыс қамтамасыз етеді. 2 МГ жылдамдықпен спутник байланыс қамтамасыз етіп, соны орнатамыз, жоғары басшылыққа көрсетіп, және де оның атқаратын қызметтері әуедегі ұшып жүрген ұшақтарды бәрін ашық экранға шығарып көрсетеді.
Қазіргі уақытта елімізде байланыс мамандарын даярлаудың дербес жүйесі қалыптасқан. Әскери институт бар. Офицерлер корпусының қатары жыл сайын 25-ке жуық әскери қызметшімен толығып отырады. ІТ-технология бойынша білім алу мәселесі алдыңғы орынға қойылған. Осыған орай алдағы уақытта Қорғаныс министрлігі әскери байланысшылардың жауынгерлік қабілетін бағалау үшін арнайы жаттығулар өткізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон.