Қазақстанда инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленді

Елімізде инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленді. 2030 жылға дейін арналған құжатта мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаудың кешенді шаралары бекітілген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі баяндады.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жоба 13 бағытты қамтиды. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау, әлеуметтік-медициналық көмек көрсету, кәсіби білім беру, еңбек пен бизнеске тарту тетіктері қайта пысықталып отыр. Мәселен, қазір бұл санаттағылардың жұмыспен қамтылу деңгейі небәрі 28% шамасында.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 60-70%-тен төмен емес. Олардың еңбек құқықтарын реттеу, сақтау және қорғау бойынша нормативтік-құқықтық база қайта қаралады. Бизнеске әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілерге квотаны орындамаған жағдайда бюджетке өтемақы төлемдерін енгізу механизмі қарастырылып отыр.