Қазгидромет: қыс жауын-шашынды болады

Ақ қар, көк мұзда көлік тізгіндеген жүргізушілерге жайлы жағдай жасап, жол бойындағы қауіпсіздікті қадағалау «ҚазАвтоЖол» компаниясының басты назарында.

Биыл республикалық маңызы бар тасжолды күтіп ұстауға 17,5 млрд теңге бөлінген. Оған инертті материалдар сатып алынып, техникалар жұмылдырылған.

Синоптиктердің сөзіне сүйенсек, биылғы қыс жауын-шашынды өтеді. Қараша айының өзінде елдің басым бөлігінде қар аралас жаңбыр жауып, тұман күтіледі. Әрине, бұл жол бойындағы жағдайды қиындатуы мүмкін.

Айжан Бейсенбаева, «Қазгидромет» РМК жетекші инженері:

- Қараша – қыс алдындағы алғашқы ай. Жылы және аязды күндердің жиі өзгеруі, қар түрінде жауын-шашын, оңтүстік-батыс, оңтүстік аймақтарда қар аралас жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Қатты жел, бұрқасын, көктайғақ және тұман бір ай бойы күтіледі. Аязды ауа райы айдың екінші жартысында болжанады. Суық ауа массалары енген кезде термометрлердің бағандары ең суық күндерде төмендейді. Республиканың солтүстігінде, орталығында және шығысында түнгі уақытта -15-24°С дейін, күндіз -7-12°С дейін. Батыста және елдің оңтүстік жартысында түнде -3-15°С дейін, күндіз  0,-7°С дейін.

 

Инертті материалдар 3 есеге көп жиналды

Көктайғаққа қарсы қолданылатын материалдар қоры жылдағыдан 3 есеге артық жиналды. Биылғы қысқы маусымға 63 мың тонна техникалық тұз, 104 мың текше метр құм, 172 мың текше метр қиыршықтас дайындалды. Сондай-ақ 1 мың тоннадан астам химиялық реагент, 40 мың тонна жанар-жағармай сатып алынды. Бұған қоса, науқанға 1718 техника жұмылдырылды.

Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» басқарма төрағасы:

- Бізде жалпы 1500 астам арнайы техникамыз дайын. Бірақ ол 39% ғана. Бірақ оған қарамастан былтырдан бері арнайы техника алып жатырмыз. Өткен жылы 389 арнайы техника алдық. Биыл 140 дана алдық және адамдар толық дайын. Оның ішінде 1500 астам адам жұмылдырылды.

 

1544 нысан жолаушыларға қызмет көрсетеді

Тасжолдарда жолаушыларға қызмет көрсететін 1544 нысан бар. Оның 83%-і – ұлттық стандарттарға сай, сервис сапасы жоғары кешендер. Мәселен, А және Б санатындағы 62, С және Д санатындағы 1012 нысан қыс бойы қызмет етеді. Сондай-ақ қауіпсіздікті күшеуті мақсатында 4 мың қосымша жол белгілері қойылды. Ал 2,2 мың шақырым жолға 31 мың уақытша ағаш қалқандар орнатылып, қар көшкініне қарсы қоршаулар орнатылды.

Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» басқарма төрағасы:

- Республикалық маңызы бар жол бойында 1544 обьектілер бар. Бірақ ол бизнеске айналған және біз өз тарапымыздан 156 арнайы обьектілерді қойдық. Ол – әжетханалар. Жол бойынан көрген шығарсыздар, жылы, суы бар. Қосымша қазір бизнеспен толық жұмыс істеп жатырмыз. 80%-і сол модульді обьектілер жалға алып жатыр.

 

Былтырғы қысқы маусымда 3 мың адам қар құрсауынан құтқарылды

Сондай-ақ былтыр да бұл жұмыстар жүйелі ұйымдастырды. Дегенмен табиғат тосын мінез танытқан тұстар да бар. Мәселен, 2023 жылы жол мамандары 2 мың автокөлік пен 3 мыңнан астам азаматты қар құрсауынан құтқарды.