QazaqGaz Aimaq саланы цифрландыруға ден қойды

Жыл басынан бері елдегі 31 мыңнан аса тұрғын көгілдір отынға қосылуға қажетті техникалық шарттарды онлайн рәсімдеген. Бұл қызмет түрі тегін көрсетіледі. «QazaqGaz Aimaq» компаниясы цифрлық технологияның мүмкіндіктерін өз жұмысында ұтымды пайдаланып отыр. Тұтынушыдан бар болғаны электронды қолтаңба талап етіледі.

Құшақ-құшақ құжат жинап, ұзақ сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ қазір. Осыдан бір жыл бұрын «QazaqGaz Aimaq» компаниясы техникалық шарттарды қашықтан алу тетігін енгізді. Бұл тұрғындарды артық шығындардан сақтап, уақытын үнемдеді. Жыл ішінде мүмкіндікті 31 мыңнан аса тұтынушы пайдаланған. Әсіресе газдандыру қарқыны Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе облыстарында белсенді.

Демеу Сейтжанов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ маркетинг және цифрландыру бойынша басқарушы директоры:

- Біздің компаниямызда 69 мың шақырым газ құбыры қызметін көрсетеді. Соның 70%-і цифрландырылған. Жалпы ол не деген сөз? Қандай газ құбыры, қандай диаметрмен, қандай қысымдықпен, қай көше өтетіні туралы ақпарат бар. Осыған қоса Е-келісімшарт бар. Е-келісмшарт 1 шілдеден бастап қостық. Бүгінгі таңда 10 мың абонент электронды түрде қол қойды.

Десе де компанияның атын жамылып, арам ойын іске асыратындар бар. Өздерін газ маманы деп таныстырған пысықайлар қызметі үшін қосымша ақы сұрайтын көрінеді. Тіпті келіспесең, «Қара суықта жылусыз қаласыз», – деп қорқытудан тайынбайды. Сондықтан QazaqGaz Aimaq компаниясы тұрғындарға барлық техникалық шарттар тегін екенін ескертеді.

Сәлім Нағым, «QazaqGaz Aimaq» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

- Жеке ұйымдар келіп, тұтынушылардың заңды білмегенін пайдаланып, қосымша ақша сұрайды. Қосымша төлемдер сұрайды. Бірақ біздің айтатынымыз, бүкіл біздің алатын төлемдер біздің кеңселерде жүргізіледі. Ал тұрғындардың үйінің алдында ешкімге ештеңе төлеудің қажеті жоқ. Егер біздің атымызға ұқсайтын біреулер келіп жатса, біздің Call-орталығымызға хабарласып, өздерінің құқықтарын білуге болады.

Жиында қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Өйткені жылыту маусымы басталар шақта елде жантүршігерлік жайттар аз болмайтыны жасырын емес. Ал қайғылы оқиғалардың дені қамсыздықтан. Сондықтан мамандар газ жабдықтарын уақытылы тексеріп, сақ болуға шақырады.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Артур Горшняков.