Астанада іскер әйелдер бас қосты
Еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 43%-ін әйелдер басқарады. Олар осы саладағы барлық жұмыс орындарының үштен бірін қамтамасыз етеді. Қыз-келіншектердің қоғам мен бизнестегі белсенділігін арттыру мәселелері Астанада өткен Жаһандық іскер әйелдер кеңесінде талқыланды.
Шараға Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Microsoft компаниясының Орталық Еуропа мен Азия бойынша президенті Симонс Мишель сияқты әлемдік саясат пен бизнестегі ықпалды әйелдер қатысты. Меймандар Қазақстандағы гендерлік саясаттың жетістіктерін жоғары бағалап, қыз-келіншектерге арналған жобаларға қолдау көрсетуге даяр екендіктерін айтты. Атап өтерлігі, Жаһандық іскер әйелдер кеңесі елордада екінші мәрте өтіп жатыр.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Бүгін біз екінші кеңесімізде барлық халықаралық қаржы ұйымдарының басшылары мен өзіміздің іскер әйелдерді шақырып, әлеуметтік салада инвестицияны қалай тарту керек. Жалпы біз еліміздегі жобалар мен олардың жобаларын қалай жалғастыру керектігі жөнінде жұмыстарды қарастырдық.