2025 жылы ғарышқа отандық зымыран ұшуы мүмкін
Қазақстанның IT-қызметтер экспорты қарқынды өсіп келеді. Былтыр саладағы экспорт көлемі 529 миллион долларға жетсе, биылғы жылдың бірінші жартысында 306 миллион доллар болды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді.
Ведомство басшысы отандық ІТ-компаниялардың экспорттағы жетістігін сәтті пайдалану қажеттігін алға тартты. Осылайша, халықаралық нарықтағы үлесті арттыра отырып, 2026 жылға қарай 1 миллиард доллар деңгейіне жеткізуді көзделген. Бүгінде Қазақстанның IT-қызметтері 86 елге экспортталады. Сондай-ақ еліміздің «электрондық үкімет» саласындағы озық шешімдерін Тәжікстан, Того және Сьерра-Леоне сияқты елдер пайдалана бастаған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бұл сала азаматтарымыз үшін де, мемлекет үшін де өте маңызды. Сенаторлар әлеуметтік саланы, денсаулық сақтауды және кәсіпкерлікті цифрландыруға, дербес деректерді қорғауға қатысты проблемаларды көтерді. Ауылдық жерлерде интернетке қолжетімділік, стартаптарды қолдау, жасанды интеллектіні енгізу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Жасұлан Қасенұлы бүгін көтерілген мәселелерді алдағы жұмыстарыңызда ескерулеріңізді сұраймыз. Сондай-ақ алдағы уақытта Үкіметпен және Мәжіліспен бірлесіп, Цифрлық кодекстің жобасымен жұмыс істейміз. Осылай бәріміз бірге Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың аталған салаға қатысты тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз етеміз деп сенемін.
Сала басшысының сөзінше, қазір отандық зымыранды ғарышқа шығару мәселесі жан-жақты пысықталып жатыр. Сонымен қатар министр спутниктерді экспорттауға қатысты екі елмен келіссөз жүріп жатқанын айтты.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Отандық зымыран тасығыш ғарышқа тәуелсіз жол ашу құралын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір зымыран тасығыштың компоненттері мен материалдарын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Зымыранның қоспа отынының прототипі жасалды. Метеорологиялық зымыранды ұшыру 2025 жылға жоспарланған.