Мемлекеттік сатып алу конкурстарының 12 жеңімпазы күдікке ілінді
Шымкентте мемлекеттік сатып алу конкурстарының 12 жеңімпазы күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің мәліметінше, олар жалған құжат жасап, құрылыс компанияларын құрған. Осылайша, сатып алым сайтының автоматтандырылған рейтингтік көрсеткішіне әсер етіп, мол тәжірибесі бар екенін дәлелдей алған.
Бірақ сыртқы талдау нәтижесінде күдіктілердің бұған дейін ешқандай құрылысқа қатысы болмағаны және тапсырыс берушілердің талаптарына сай келмейтіндігі әшкере болды. Бюджетке жалпы сомасы 21 миллиард теңге шығын келтірілді. Осыған қатысты антикордың атынан мемлекеттік органдарға нұсқау жолданды.
Алексей Колосков, қалалық СЖҚІҚ департаменті басшысы бірінші орынбасарының м.а.:
- Олар бұған дейін атқарған жұмыстары туралы жалған құжаттама ұсынған. Қазір бұл мәселелер орталық аппаратта қарастырылып жатыр. Ал нормативтік құқықтық актты әзірлеуші орган ретінде Қаржы министрлігіне ұсыныс жолданды. Олар жағдайды реттеумен айналысады.