Өскемендегі әуежайда оқу-жаттығу өтті
Өскемендегі әуежайға өртке оранған ұшақ қонып, құтқарушыларды аяғынан тік тұрғызды. Осындай шартты жоспар бойынша ұйымдастырылған оқу тактикалық шарасына бірнеше құрылым өкілдері қатысты. Құтқарушылар мен дәрігерлердің ғана емес, әуежайдағы тиісті мамандардың оқыс жағдайда қаншалықты тез әрі дұрыс шешім қабылдауына назар аударылды.
Ұшақтағы жолаушыларды эвакуациялау, оларға медициналық жәрдем көрсетіп, психологиялық қолдау білдіру жұмыстары да пысықталды. Ондаған ауыр техника, 100-ге тарта адам қатысқан жедел операция бар болғаны екі-үш минут ішінде аяқталды. Мамандардың айтуынша, стратегиялық маңызға ие нысындарда жаттығу өткізу кәсіби дағдыны жетілдіреді.
Ернар Жәлелов, ШҚО ТЖД басқарма бастығының м.а.:
- Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан адам көп жүретін осындай мекемелерде оқу-жаттығу жиі өткізіледі. Бұл кәсібилікті шыңдап, мамандарды ширатады. Бүгінгі өткен тактикалық іс-шара да осы мақсатты көздеді. Құтқарушылар да, басқа құрылым өкілдері де жинақы әрі нәтижелі жұмыс көрсетті.