СҚО-дағы Солнечный кентінің тұрғындары тоңып отыр
Солтүстіктегі жұрт қыс басталмай жатып жаурап отыр. Петропавл қаласының Солнечный кенті орталық жылу жүйесіне қосылғанмен, мұндағы үйлер әлден азынап тұр, деп хабарлайды 24kz.
Халық қайтсін?! Өркениет игілігі үйге кіріп тұрғанмен, көмір түсіріп, пеш жағуға мәжбүр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы көріп келді.
- Қала шетіндегі Солнечный кентінде әрбір бесінші үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Солардың бірінде Мария Черёмушкина тұрады. Бірнеше млн қарыз алған әйел енді өкініп отыр. «Үй суық», - дейді ол.
Мария Черёмушкина, қала тұрғыны:
- Енді көмір алатын ақшам да жоқ. Ол да қымбат қазір. Ал, қыстап шығуға кем дегенде 5 тонна керек. «Орталықтандырылған жүйеге қосылдық», деп қуанып едік. Бәрі заяға кетті.
Орталықтандырылған жылыту жүйесі бұл жаққа 15 жыл бұрын тартылған. Тұрғындардың айтуынша, өркениет игілігі сол кезден бері дұрыс жұмыс істемейді. Құбырлар қыста жиі жарылып, коммуналдық апаттар болып тұратын көрінеді.
Лидия Бурма, қала тұрғыны:
- Біз комиссияның құрылғанын талап етеміз. Жауапты мамандар жылыту жүйесін толық тексерсін. Өйткені бұлары жарамайды. Мәселе тез арада шешілсін дейміз.
Үйде тоңып отырған тұрғындар сорғы станциясының салынуын сұрайды. Ал жергілікті билік өкілдері олардан ресми өтініш күтіп отыр.
Әсем Айтулова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
Жылу құбыры қалалық әкімдікке, оның ішінде ТКШ бөліміне тиесілі. Тұрғындар егер де жаңағы құбырларды тексеріс қажет деп ойласа, онда қалалық әкімдікке келіп, өтініш жазып, жазатын болса, онда комиссия құрылып, жаңағы тексеріс жасайтын болады.
Қазір үйлердегі ауа температурасы 10 градусқа дейін төмендеп кеткен. Сондықтан денсаулығына алаңдаған кейбір отбасылар қазір туыстарында тұрып жатыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков