Атырауда толассыз жауыннан жол жөндеу жұмыстары тоқтап тұр
Жауынның толастамауы жол жөндеуге қиындық туғызды, деп хабарлайды 24kz.
Атыраулықтар 3-4 күн бойы асфальт төсей алмай отыр.
Ал асыққан мердігерлер көлкіген судың үстіне асфальт жайған. Мұнысы әлеуметтік желіде жария болып, елді дүрліктірді. Қазір қаладағы жол құрылысы қатаң бақылауға алынған.
Шылқыған судың бетіне ыстық асфальт төсеп жатқандарды алдымен байқап, дабыл қаққан облыстық мәслихат депутаты Айбар Ерекешов еді. Ол әлеуметтік парақшасында өзі куә болған келеңсіздікті баяндай келе, жауапты мекемелердің назар аударуын сұраған.
Айбар Ерекешов, облыстық мәслихат депутаты:
- Жауынды күні төсеп жатқанда обьектінің басында технадзор болған жоқ. Обьектінің басшысы да жоқ. Сол себепті біздер ескерту ретінде айттық. Бірақ жұмысты тоқтату біздің құзырымыда жоқ. Бірақ енді заңдылығын сақтауды талап еттік.
Даудың басы осы Сырым Датов көшесіндегі жолдың құрылысы болатын. Ұзындығы 4,7 шақырым жол қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Құрылысқа 5 млрд теңге бөлінген. 2 жылдық жоба бойынша 4 жолақты жол мен суағарлар салынып, көше шамдары толық ауыстырылуы тиіс. Бүгін нысан басында барлық мекеменің өкілдері жиналды.
Қуанышбек Қабдығалиев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Кешегі әлеуметтік желіге шыққан видеороликке байланысты. «Сырым Датов көшесінде неге технология сақталмай жатыр?» деген мәселе Бұл көше әлі тапсырылған жоқ. Бұл көшені 800 метрін салып қойды жолын. Қазір енді жол активтер сапасымен бірлесіп, әр учаскеден сынама аламыз. Сосын асфальттың суға қанығуын, тығыздығын, барлығын тексереміз.
Әсет Сембаев, Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының бөлім басшысы:
- Мердігер мекеме уақытылы жойып, шара алынбаса, тексеріс ашылып, аталған құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда мердігер мекеме ӘҚК-тің 312-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 1 жылдың ішінде қайталанған жағдайда мердігер мекеме өзінің лицензиясынан айырылады.
Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан барлық жол учаскелерде асфальт төсеу тоқтатылды. Биыл қала бойынша 12 көшеде 9,4 шақырым жол жөнделуі тиіс болатын. Жолшылар оның тек 5 шақырымға жуығын ғана тапсырып үлгеріпті.
Ермек Хамидуллин, жоба жетекшісі:
- Жоспар бойынша биыл бітіруіміз керек болатын. Енді жаңбырға байланысты тұрмыз. Жаңбырдың суын бәрін тазалап, жолды кептіріп, сосын ауа райы жақсы болса қолайлы, асфальттың үстіңгі қабатын сала береміз.
Жалпы биылғы тасқынға байланысты Атырауда жол жөндеу жұмыстары жылдағыдан 2 айға кеш басталды. Салдарынан көптеген учаскелерде жұмыс кестеден кешігіп, жаңбырға ұрынып отыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин