Елімізде кофе сату кәсібі жыл сайын 20% өсіп жатыр

Кофеге сұраныс артып келеді. Кофеханалардың көбеюі сұраныстың арта түскенін анық байқатады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл сусын қазір бізге таңсық ас болмай қалды.

Иә, тіпті қазір кофені сатып алып қана отырған жоқпыз. Өзіміз де бұл өнімді экспортауға көштік. Енді осы кофе бізге қайдан келеді? Оны тұтыну көлемі қаншалықты өсті?

Бүкіл әлемде кофе ішетіндердің саны артып, кофе бизнесінің өркендеу тенденциясы байқалады. Мысалы елде бұл кәсіп жыл сайын 20% өсіп жатыр. Тұтынушылардың біріне жай ғана дәмі ұнаса, енді бірі кофе ішу әдетке айналып кеткенін айтады.

Блиц 1:

- Шынымды айтсам, не үшін ұнайтынын білмеймін, әдетке айналып кеткен сияқты.

Блиц 2:

- Жақсы көремін кофе ішкенді. Сабақ дайындағанда ойлануға көмектеседі.

Блиц 3:

- Әрине, ішемін, таң атпай ұйқыңды ашады, үйде де, түзде де кофе ішуді ұмытпаймын.

Блиц 4:

- Жақсы көрем, қатты жақсы көрем, кофейняға көп барып тұрамын.

Блиц 5:

- Кофенің дәмі, сергектік беретіні ұнайды.

Блиц 6:

- Шаршаған кезде ішемін болды.

Елордада қазір 700-ге жуық кофехана жұмыс істеп тұр. Ал 2ГИС қосымшасынан бұл орынды іздеушілер саны жүздеген мың адамды құрайды. Сұраныс болған соң өнім импорты да жыл санап артып жатыр. Былтыр Қазақстанға бас-аяғы 7 елден 3100 тонна кофе келген. Тіпті шикізатты сатып алып, өз елімізде өндіретін шағын зауыттар да жұмыс істейді. Сондай өндірістің бірі ең алғаш рет 2009 жылы Қарағанды қаласында ашылған.

Павел Сериков, кофе өндіретін компания директоры:

- Кофе экваторлық аймақтарда өсетіндіктен, біз шикізатты еуропалық импорттаушылардан сатып алып, дайын өнімге айналдырып, кофкханалар, мейрамханалар, тіпті жеке адамдарға жеткіземіз. Біз Қазақстандағы алғашқы өндірушілерміз. Қарағандыда шығарамыз. Соңғы 5-6 жылда қатарымыз көбейіп кетті. Түрлі қалада, орталық қана емес, өңірлерде де бар.

2023 жылы кофе импортының жалпы құны 23,3 млн долларды құрады. Соңғы 5 жылда импорт өсімі 2,3 есе көбейген. Сондай-ақ Қазақстан тек импорттаушы емес, аз көлемде болса да, Ресей, Монғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан секілді елдерге экспорттай бастады. Мысалы, 2023 жылы елден жалпы құны 829 мың долларға 70 тонна кофе сатылған.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Абдулхамит Бөлекбаев