Алматыда инклюзивті кофехана ашылды
Алматы қаласында инклюзивті кофехана ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Құрылтайшылардың айтуынша, жоба пайда табуды көздеп отырған жоқ.
Мұндағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, олардың еңбекке араласуына жағдай жасау.
Кофехана ашылғалы бері мұнда төрт адам жұмыс істеп жатыр. Олар арнайы оқу курсын аяқтап, кофе дайындаудың қыр-сырын тәп-тәуір меңгеріп алды. Оған қоса, меймандарға сапалы қызмет көрсетуді және кассалық аппаратпен жұмыс істеуді үйренді. Кәсіпкер Әділет Әміровтің көздегені де осы. Ол ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қарым-қабілетін ашып, қоғамда өз орнын табуға көмектескісі келген.
Әділет Әміров, кәсіпкер:
- Бұл жоба көп жағынан тиімді дер едім. Әлеуметтік мәселелерге әр қырынан қарап шешуге болады. Мәселен, жігіттердің оқуы бар, баратын спорттық секциялары бар. Бірақ соның бәрі жұмыс істеуге кедергі келтірмейді. Қайта біз олардың күн тәртібіне ыңғайланып, бос уақытында осында келуге жағдай жасап жатырмыз.
Асқар Боқаевтың жасы 28-де. Өте еңбекқор жан. Жұмысқа шығысымен келушілердің ықыласына бөленіп үлгерді. Қонақтың қалауына қарай эспрессодан бастап, латтеге дейін дәмі тіл үйіретін хош иісті кофенің түр-түрін дайындайды. «Арманым бариста болу ғана емес, ақша жинап, ата-анама пәтер сатып алып берсем», - дейді.
Асқар Боқаев, бариста:
- Маған жұмыста ең қиыны – келген адаммен тілдесу. Кейде қобалжып, қолым дірілдеп кететін кездер болады. Бірақ соның бәрін біртіндеп жеңіп келем. Қазір үйреніп қалдым. Көп дос таптым. Бұл дегеніңіз, біз үшін өте тамаша.
Кофеханада орнатылған құрылғыларды олардың өзі іске қосады. Қалай қуыру қажеттігін, температурасын, сусынның қанықтығын, қоюлығын тіпті беру әдісін таңдап алады. Осылайша, қол моторикасын дамытады. Оған қоса, ойлау қабілеті мен миды жаттықтырады. Бариста Даниил Павловскийдің айтуынша, олар бар шаруаны бірге атқарады. Қонақ көбейген кезде бір-біріне қолұшын созуға қашан да дайын.
Даниил Павловский, бариста:
- Мен барынша көмектесуге тырысам. Қолымнан келгенше үйретіп жатырмын. Бәрінің ынта-жігері жақсы. Үйренсем, білсем деп құлшынып тұр. Бастысы, қызығушылығы бар.
Кофехана иелері алдағы уақытта қоғамдық тамақтандыру орнын кеңейтіп, ондағы жұмысшылар санын көбейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, аймақтық кәсіпкерлер палатасы инклюзивті кофеханаға арналған орынды толығымен тегін береді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев