Маңғыстауда адам құқығын қорғау мәселелері талқыланды

Маңғыстау жұртшылығы «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» атты оқыту семинарына қатысты, деп хабарлайды 24kz.

Үш күнге жоспарланған шара Түпқараған, Мұнайлы ауданы және Ақтауда ұйымдастырылды. Танымдық кездесуді ел Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия және Винрок халықаралық институты филиалының өкілдері жүргізді. Жиында Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын адамдардың құқығын қорғауға қатысты өзекті сауалдар талқыланды. Семинар тыңдаушыларына құқығын сотта және соттан тыс қорғау, ұжымдық еңбек дауы кезінде азаматтық пікірін заң аясында дұрыс жеткізу жолдары жан-жақты түсіндірілді.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

- Адамдардың көптеген қойған сұрақтары мысалған мүгедек жандардың құқықтарын қорғауға байланысты болды. Қолында баласы бар әйел адамдар көп жылдан бері балаларымызға қарап отырмыз. Біреу ертеңгі күні мен 63 жаста зейнетке шығады екенмін. «Осыны зейнет жасын азайту жағын қарастырсаңыздар», - деп орынды ұсыныс қойып жатыр. 

Берік Бисенов, Мұнайлы ауданы әкімдігінің маманы:

- Біз секілді жас мамандарға, мемлекеттік қызметшілерге өз құқығын қорғау өте ықтимал деп есептеймін. Бізге тұрғындар жайдан жай келмейді, өзінің мәселесі бойынша келеді. Сол мәселені шеше тұра, заң талаптарына сәйкес өз құқықтарын да қорғауы қажет. Біз сол жолдарын көрсетуге тиістіміз.