Елордалық барлаушылар БАҚ өкілдеріне ашық жаттығуларын көрсетті
«Көрінбей барып көру, өлмей келу». Бұл – қазақстандық барлаушылардың басты ұраны. Олар қандай жағдай болмасын құпия деректер мен құжаттарды жинап, өз жағына толыққанды жеткізу керек.
Мерей Қанапия, тілші:
- Барлаушылар жаттығуды бастап кетті. Олар құпия тапсырма орындау кезінде түрлі тосқауылдардан өтіп, күрделі кедергілерді еңсереді.
Елордадағы 68665 әскери бөлімінің жауынгерлері Барлаушылар күні қарсаңында БАҚ өкілдеріне ашық жаттығуларын көрсетті. Ел арасында қызметін жасырып, мамандығы туралы тіс жармайтын жігіттердің түрін көрсетіп, аты-жөнін де жариялауға болмайды. Себеп біреу. Тыныш жүріп, талай шаруа тыңдыратын барлаушыларға мемлекеттік деңгейде тапсырма беріледі.
Барлаушы:
- Барлау ротасының мақсаты – қарсыластың мәліметін жинап, олардың қару-жарағы қалай қамтамасыз етілген және олар немен жарақталған қай жерде орналасқаны туралы мағлұмат жинаймыз да, өз командирлерімізге мәлімет береміз. Соған орай біздің командирлер өз шешімін және өз сарбаздарын, күшін соған қамтып, сол арқылы шешім шығарады.
Барлаушыларда қыс, жаз, күн, түн деген ұғым жоқ. Олар жылдың қай мезгілі болмасын кез келген табиғи ортада тапсырма орындай алады. Сондықтан қатары қарапайым сарбаздармен емес кәсіби тұрғыда шыңдалған келісімшарт қызметкерлерімен толығады.
Барлау ротасында қызметте жүргеніме 5 жылдан аса уақыт болды. Барлау ротасына қабылдану үшін физикалық және психологиялық тұрғыда мықты болуы керек. Және барлау ротасының әр әскери қызметшісі тез арада шешім қабылдай білетін адамдардан жинақталған.
Бүгінде барлаушылар заманауи ұшқышсыз басқарылатын аппараттармен жабдықталып, симулятор арқылы үйреніп жатыр. Сол арқылы қауіпті аймақты әуеден бақылап, жедел ақпарат алуға болады. Қазір әскери бөлімде дронның бірнеше түрі бар.
Сұлтан Амангелді, Автоматтандырылған басқару жүйесі бөлімінің офицері:
- Яғни, дрон комикадзе, дрон барлаушы, көретін дрон, яғни, жерлерді, объектілерді тексеретін. Осы FPV очкиін кигізіп, сабақ өткіземіз. Дрон бар кезде адам өмірін сақтау оңай. Өйткені камикадзе арқылы 3-4 км жердегі нысанды көріп, жара аламыз. Яғни, камикадзе арқылы.
Өзіңіз көргендей, қорғаныс саласын барлаушыларсыз елестету мүмкін емес. Олардың қалтқысыз қызметі арқылы тұтас әскердің кезекті қадамы анықталады, маңызды шешім қабылданады.
Авторлары: Мерей Қанапия, Мұрат Әріпхан