Журналист С.Матаевтың 70 жылдығына арналған конференция өтті
Еліміздің медиа саласындағы белгілі тұлға Сейітқазы Матаевтың есімі қазақ журналистикасының дамуымен тығыз байланысты.
Биыл Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы, қоғам қайраткері 70 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Осыған орай, Алматыда журналистиканың дамуы мен болашағына арналған конференция өтті. Жиында одақ филиалдарының төрағалары өңірлерде жасалып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы мақсат-міндеттерін айқындады.
Сейітқазы Матаев Тәуелсіз Қазақстан журналистикасын қалыптастыруға үлес қосып келеді. Ол Қазақстан Президентінің тұңғыш баспасөз хатшысы болды. Кейін Ұлттық баспасөз клубын құруға атсалысты. Ал 2001 жылдан бері Қазақстан Журналистер Одағын басқарады. Бұл тілшілерді біріктіретін, сонымен қатар олардың мүддесін қорғайтын ұйым болды.
Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жеке азаматтық, қайраткерлік еңбектерін атаған кезде баспасөз клубтарын құрды. Алматыда ғана емес Шымкентте, Қарағандыда Астанада бірнеше филиалдарын құрып, қоғам мен биліктің арасын жалғастыру, халық пен биліктің арасын жалғастыратын көпірдің негізін қалады сол кездерде.
Биыл Қазақстан Журналистер одағының құрылғанына 65 жыл толды. Бүгінде оның 6 мыңға тарта мүшесі бар. Барлығы да саланың жан-жақты өркендеуіне мүдделі, дейді конференцияға қатысушылар.
Мейрам Жанәділов, ҚЖО Жетісу облыстық филиалының төрағасы:
- Облыстың барлық филиалдары бар осы Журналистер одағының. Біздің негізгі мақсатымыз осы Сейітқазы Бейсенғазыұлы қалыптастырып кеткен қазақ журналистикасын әріқарай өшіріп алмай дамыту болып есептеледі.
Конференцияда қазақстандық журналистиканың тәуелсіздік жылдарындағы даму кезеңдері айтылды. Оған қоса, тілшілердің әлеуметтік жағдайы да сөз болды. Одақтың аймақтық филиалы төрағаларының айтуынша, ұйым талай журналистің үйлі болуына қол ұшын берген.
Әмір Қасенов, ҚЖО Астана қалалық филиалының төрағасы:
- Филиал барлық өңірде табысты жұмыс істеп жатыр.Елімізде болып жатқан елеулі оқиғалардан тыс қалып көрген емес. Ақпарат саласының дамуына өзіндік үлесін қосуда. Сонымен қатар,барынша тұрмыстық жайттарын шешуге де көмектесеміз. Бүгінгі басқосуымыз Сейітқазы Матаевтың 70 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан ол кісінің осы салаға сіңірген еңбегі туралы да сөз қозғадық.
Журналистердің мүддесі мен құқығын қорғау, басылымдарға әдістемелік көмек көрсету. Бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту үшін семинар, конференциялар өткізу. Бұл мәселелер Журналистер Одағының басты міндеті болып қала береді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов