Жасанды интеллект қазақстандықтарды әскерге шақыратын болады
Цифрландыру арқасында азаматтарды мерзімді қызметтен босатып ғана қоймай, әскери міндеттілердің нақты санын да анықтауға мүмкіндік туған.
Ол үшін Қорғаныс министрлігі 16 мен 60 жас аралығындағы запастағы азаматтардың электрондық есебін жүргізген екен. Ақпараттық жүйелер мобилизацияның, яғни, азаматтарды әскерге шақырудың тиімділігін қалай арттырған? Бұрындары барлығы қағазға жазылатын.
Таяуға дейін қарулы күштердегі құжат айналымы осылай жүрді. Ол кезде ел бойынша екі-екі жарым млн азамат әскери есепте тұрса, жаңа ақпараттық жүйе енгізілгелі олардың саны 7 млн-ға жуықтаған. Ал 3,6 млн азамат әскери міндеттілер санатына қосылды.
Сонымен қатар, бұл жүйе бірнеше қосымша мүмкіндіктер береді. Мәселен, бір қаладан екінші қалаға қоныс аударған азаматтар әскери комиссариатқа бармайтын болды. Енді олар автоматты түрде әскери тіркеуге тұрады. Жыл басынан бері шамамен 700 мың адам осылайша есепке қойылған. Биылдан бастап 17 жастағы жігіттерді де тіркеу автоматты режимде жүргізіледі. Яғни, бұрынғыдай әскери комиссариатқа барып, тексерістен өтудің қажеті жоқ. Қазір жүйеде 133 мыңнан астам бозбаланың әскери қызметке жарамдылығы, білім деңгейі және алған мамандығы жайлы дерек бар. Нәтижесінде бюджеттің 1 млрд теңгесі үнемделген.
Автоматты түрде әскери есепке қою
көші-қон - 700 мың адам
17 жаста - 133 мың адам
үнемделді - ₸1 млрд
Болашақта қорғаныс саласына қатысты басқа ақпараттарды да, оның ішінде сарбаздардың әскери даярлығы мен қабылданған шешімдер мен бұйрықтарды толық цифрландыру жоспарланған. Дегенмен, киберқауіпсіздікті де ұмытпағанымыз жөн. Отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталов бұл деректер тиісті деңгейде қорғалуы керек дейді.
Ермек Сейітбатталов, әскери сарапшы:
- Иранда ядроны насыщение жасап жатқанда, центрифуга жасап жатқанда Израильдың киберспециалистері соған кіріп, олардың центрифугаларын қатты айналдырып, 15 жыл істеген нәтижесін быт-шытын шығарған. Сондай оқиғалар болмауы үшін өте жақсы бір парольдер жасап, оны ауыстырып отырып, оның бақылайтын қызметін нақты, күшті қылып істеп қою керек.
Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін де барынша пайдалануға ден қойған. Мәселен, мемлекеттік органдардан жиналған деректерді талдап, кімді әскерге шақыруға болатынын, кімді босату керегін де арнайы бағдарлама анықтай бастаған. Әскерилерді келісімшартпен жұмысқа алу кезінде де ақпараттық жүйелер көмекке келеді. Маңыздысы мерзімді қызметтегі сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнекамералардағы жазбаларды талдайтын жаңа жоба іске қосылған. Қазірдің өзінде ол автомобиль нөмірлерін тануға,әскери объектінің аумағына заңсыз кіруге тырысатын бөгде адамдарды, қызметкерлердің топтасып жиналуын және үй-жайлардан шығуы ықтимал түтінді анықтауға қабілетті.
Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Резкий бір қозғалыстар болса, немесе көп адам бір жерде жиналатын болса, оны камералардың аналитикасы әскери бөлімшенің баксшысына сигнал беріп отырады. Бұдан бөлек биометрия. Қанша адам кірді әскери бөлімшеге? Қанша адам шықты? Барлық жеке құрам орнында ма? Қанша адам қазір ауырып жатыр деген мәліметтерге онлайн түрде қол жеткізе аламыз.