Ақтаудан 25 бозбала әскерге аттанды
Олар Отан алдындағы борышын № 51809 жауынгерлік бөлімде өтейді.
Жастарды елдің қарулы күштері қатарына салтанатты шығарып салу рәсімі мемлекеттік рәміздер алаңында өтті.
Биыл күзде 25 адам әскерге шақыртылды. Олар Ақтау гарнизонына қарасты әуе қорғанысы күштері бөліміне қабылданды. Барлығының денсаулығы жарамды, психологиялық тестілеуден сүрінбей өткен.
Руслан Балтеміров, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы:
- Жергілікті азаматтарды өздерінің тұрғылықты жеріне шақыру жоғары басшылықтың тапсырмасы. Себебі бізде бүгінгі таңда Маңғыстау өңірі гарнизоны үлкен. Сол жерде әрі қарай өздерінің бір жылдық борышын өтеген соң келісімшарт бойынша әрі қарай өз қызметтерін өткергелі жатыр.
Былтыр өңірдегі шекара әскерлеріне 50-ге жуық жас аттанған. Дені мерзімді әскери қызметтен соң қорғаныс істері саласында жұмысқа тұрды.
Байжан Ордабай, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Ер азаматтарға Отан алдындағы борышын өтеуге барлығы да міндетті болып саналады. Маңғыстау елімізге аман-есен ержүректі азаматтар болып ораламыз.
Арнаулы орта немесе жоғары білім алған жастар 6 айдан соң келісім-шарт бойынша әскери қызметке құжат тапсыра алады. Одан әрі жалақыға әрі әскерилерге арналған жеңілдіктерге қол жеткізеді. Мерзімді қызмет аяқталғаннан кейін ақылы немесе грант бойынша университетке түсуге мүмкіндігі бар.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев