Алматыда «Ұлттық құндылықты ұлықтаған отбасы» байқауы өтті

Алматыда «Ұлттық құндылықты ұлықтаған отбасы» атты қалалық байқау өтті.

Оқушылардың бойына салт-дәстүрді сіңіру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа мектепішілік және аудандық іріктеудің жеңімпаздары қатысты.

Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, ұлы атадан үйренбей сапар шекпес. Әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназиясында халқымыздың мың жылдан бері үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлері көрсетілді. Ырымдап сәбидің тұсауы кесіліп, тәй-тәйлады. Дәстүрді үлкендер ұстанса, жастар жалғастырады,-дейді ұымдастырушылар. Ұлттық өнерді ұлықтау сайысына аудандық байқауларда іріктеуден өткен 40 отбасы қатысты. Олардың қатарында Гүлзира Өтепова да бар.

Гүлзира Өтепова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен немереммен бірге келдім осы бірінші рет осындай конкурсқа қатысып жатырмыз немерем екеуміз. Мен әжесі боламын, немеремнің аты Інжу. Сурет салғанды өте жақсы көреді. Сосын осы немеремді осындай үлкен шараға қатыстырып көрейінші деп әкеліп отырмыз. 

Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар әуелі ұлттық нақышта сурет салды. Одан соң қолданбалы өнерден шеберлігін көрсетті. Әшекейлерді сәндеп, топтама жасады. 

Гүлсара Жарымбекова, қалалық көркем еңбек, сурет және технология пәні қауымдастығының президенті:

- Біздің байқауымыздың мақсаты - осы өнер, шығармашылық арқылы жас тұлғаны тәрбиелеу. Құндылығымызды, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлерді білу, үйрену, өнер арқылы баланы тәрбиелеу. 

Байқауда бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларының жұмыстары жеке-жеке сарапталды. Қазылар алқасы қатысушлардың жұмысын бағалап, үздіктері диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов