Қызылордада IX республикалық әкелер форумы өтті
Басқосуда әкенің отбасында алар орны мен бала тәрбиесіндегі рөлі жайлы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды 24KZ. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, халықаралық ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
«Бала әкеге қарап өседі. Әр әке баласына уақыт бөліп, кеңесіп отырғаны дұрыс. Сонда баланың ой өрісі дұрыс қалыптасып, көңіл көкжиегі кеңейіп, кез келген мәселеге жан-жақты қарауға ұмтылады. Әкенің тәрбиесі қоғамның дамуына үлес қосары анық», – деді жиынға қатысқандар.
Біржан Әлімжанов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:
- Балалардың арасында, жастардың арасында әртүрлі сипаттағы кереғар қылықтар пайда болып жатыр. Сондықтан солардың алдын алу үшін, жалпы бала тәрбиесіндегі ата-аналар қолдана алатын білікті әртүрлі тәсілдерді бойларына сіңіру үшін, таныстыру үшін аталған шара өткізіліп отыр.