Қазақстанда Neo Nomad визасы енгізілді

Елде қашықтан жұмыс істейтін шетелдік туристер үшін Neo Nomad визасы енгізілді, деп хабарлайды 24KZ. Ол бағдарламалау, маркетинг, қаржы, консалтинг, дизайн және электронды сауда сынды салаларда еңбек етіп жүрген азаматтарға арналған. Тың бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған.

Жаңа визалық режим әлемнің 50-ден аса елінде бар. Neo Nomad визасын алу үшін шетелдік Қазақстаннан тыс жерде тұрақты кірісінің бар екенін дәлелдеуі керек. Табысы айына 3 мың доллардан кем болмауы шарт. Сондай-ақ шетелдіктің медициналық сақтандыруы және сотталмағаны туралы анықтамасы болуы қажет. Neo Nomad визасы оларға Қазақстанның мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ тануға мүмкіндік береді. Визаны жылына 500 адам алады деген болжам бар. Нәтижесінде экономикаға шамамен 3,6 млрд теңге түсуі мүмкін.

Айта кеткен жөн, шетелдіктердің елімізде жұмыс істеуі отандық еңбек нарығына әсер етпейді.