Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылына газ берілді
Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылы көгілдір отынға қосылды, деп хабарлайды 24kz.
Ауыл ішінде жүргізілген газ құбырының ұзындығы 250 шақырымға жуықтайды. Елді мекендерді табиғи газға қосу Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатыр. Бір ғана Жібек жолы ауылында 7000 ауланы қамту көзделген.
Ақмола облысындағы Жібек жолы ауылында үлкен қуаныш. Жергілікті халық көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Президенттің Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ұлттық QazaqGaz компаниясымен бірігіп, осы Жібек жолы ауылына көгілдір отын, табиғи газды қолжетімді қылып отырмыз. Аршалы ауданында 16 елді мекен осы табиғи газға қосылып отыр. Міне, Жібек жолы 17-ші.
Жібек жолы – Аршалы ауданындағы ірі ауылдардың бірі. Мұнда бас-аяғы 7000 аулаға газ жеткізу көзделген. Үйіне көгілдір отын жеткендердің алғашқысы – Эльвира Қалдыбаева. Көпбалалы ананың қуанышында шек жоқ.
Эльвира Қалдыбаева, Жібек жолы ауылының тұрғыны:
- Жібек жолы бойынша бірінші менің үйіме кіріп жатыр. Көрдіңіздер көздеріңізбен, барлық газ жанып тұр. Кешеден бері үйді де жылытып жатырмыз газбен. Жылда 12 тонна көмір алатынмын.
Жібек жолы халқының басым бөлігі жұмыс бабымен елордаға қатынайды. Тұрғылықты мекенжайында тіркелмегендер көп. Бұл келіп тұрған газды үйге жеткізуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті жергілікті әкімдікте арнайы қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Ондағы мамандар тұрғындарға үйді меншіктеуге, мекенжайы бойынша тіркелуге, газ қосуға техникалық құжаттарды алуға көмектеседі.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Қазақстан бойынша әкімдіктердің рөлі өте үлкен. Өйткені олардың өздерінің бюджетімен және де мердігер компаниялармен бірге жұмыс атқарып, осындай ішкі газ құбырын салады. Біз ұлттық компания ретінде өзіміздің үлкен қысымдағы магистралдық газ құбырларын саламыз. Сосын әкімдіктермен бірге жұмыстанып, елді мекендерге газ береміз. Сосын осы нысандар біздің балансқа беріледі. Біз сервистік жұмыс атқарамыз. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша газдандыру көлемі Қазақстанда артып жатыр.
Көгілдір отын жыл соңына дейін Жібек жолы ауылындағы 2000 аулаға жеткізіледі.
Блиц 1:
- Газды әр үй-үйге кіргізсе, нұр үстіне нұр болар ед. Бірінші пуск болайын деп жатыр. Сәтімен болсын.
Блиц 2:
- Газ келгеннен кейін біздің жұмысымыз да жеңілденеді. Өте қуаныштымыз.
Аршалы ауданының әкімдігі әлеуметтік осал топтағы азаматтарға газ құбырын орнату үшін 100 АЕК-ке дейін бір реттік әлеуметтік көмек ұсынбақ.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мадияр Қындыбаев