Қостанайлық шаруалар былтырдан бері несиелерін қайтара алмай отыр
Қостанайлық диқандар «Кең дала» бағдарламасымен 11,9 млрд теңге жеңілдетілген несие алған. Соның жартысын олар алдағы желтоқсанның 1-іне дейін қайтаруы тиіс. Бүгінге күнге дейін қарыздың тек 2%-і ғана өтелген, деп хабарлайды 24kz.
Форвардтық сатып алу бойынша «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» алдындағы міндеметтелерін орындауды да шаруалар кешеуілдетіп жатыр.
Былтырғы ауа райының жауын-шашынды болуы қостанайлық диқандардың еңбегін еш етті десе болады. Табыс таппақ түгілі, қыруар шығынға батты. Мемлекет жағдайға түсіністікпен қарап, несие төлем мерзімін бір жылға шегерген болатын. Бірақ биыл мол астық алғандарымен, қордаланған қарызды еңсеру шаруаларға тағы мұң болып тұр.
Марат Ахметов, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» Қостанай филиалының төрағасы:
- 40 млрд теңге несие үлестірген «Азық-түлік корпорациясы». Енді соны жабу бізге қиынға тиіп отыр. Элеваторларды бақылап отырған адам жоқ. Апарған бидайдың сапасын үшінші класты төртінші класс қылып жібереді, 4-ші класс болса, 5-ші класс қылып жібереді. Бүгінгі күні элеваторлар толып тұр, көбі қабылдамайды. Кейбір жекеменшік элеваторлар корпорациямен жұмыс істегісі келмейді.
Қостанайлық шаруалар былтырдан қалғаны қарызы бар, биылғы алғаны бар, «Азық-түлік корпорациясына» 600 мың тоннадан астам бидай тапсыруы қажет. Және келісімде көрсетілгендей, биылғы жылдың бірінші қарашасына дейін берешегін өтеуі міндет. Бірақ осы күнге дейін әлі тапсырып үлгірмегендер бар.
Алмат Шаяхметов, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы облыстық өкілдігінің директоры:
- Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 120 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 11 млрд теңге қаржы берілді. Осы күнге дейін соның 70%-і қайтарылды. Ал былтырғы пролонгация жасалған 2,9 млрд тенгенің әзірге 60%-і өтелді. Бұл бағдарлама жалғасады және толық жабылады деген ойдамыз.
Шаруалар қарызды қайтарудан қашып отырған жоқ. Тек астықты элеватор арқылы ғана өткізуге болады. Ал олар алмай жатыр. «Сондықтан жеке қамбаларындағы бидайды тексеріп, қарыз есебінен қабылдап алса, кейін жеткізіп беруге әзірміз», - дейді.
Ибрагим Бекмұхамедов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Әрине, біз бұл мәселенің оңтайлы шешімін табуға тырысамыз. Бірақ қалай дегенмен де жыл аяғына дейін шаруалар мойына алған міндетін орындауы шарт. Әйтпесе, санкция қолданылуы мүмкін. Форвардтық сатып алу келісімшартында көрсетілгендей, сот арқылы мәжбүрлі түрде төлеттіреді.
Нарықтағы бидайдың бағасы төмендеп кетті. «Тоннасы қазір 40-50 мың теңге», - дейді шаруалар. Оның өзін алушы некен-саяқ. Сондықтан олар қарызды қайтару мерзімін ұзартуды сұрайды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг