Алматы облысының Кеген ауылында 30 отбасы баспаналы болды

Алматы облысының Кеген ауылында 30 отбасы қоныстойын тойлады, деп хабарлайды 24kz.

Жаңа тұрғын үйлердің кілті көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне табыс етілді.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Баспаналы болу – адам өміріндегі ең қуанышты сәттердің бірі. Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Кеген ауылының тұрғыны Эльмира Нұртаеваға көпбалалы ана ретінде жаңадан салынған үйдің кілтін табыс етті. Ол 7 бала тәрбиелеп өсірген.

Эльмира Нұртаева, Кеген ауылының тұрғыны:

- 5 бала тәрбиелеп отырмын. Одан бөлек, екі баланың асыраушысымын, екі қыздың. Сол мына заңды өзіміздің кезегіміз келіп, өзіміздің үйдің кілтін алып жатырмыз. Бұл үйге 10 жыл кезекте тұрдым мен. Өте қуаныштымыз.

Кеген ауданында соңғы 5 жылда заман талабына сай салынған 71 тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның арқасында көпбалалы аналар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар баспаналы болды. Олардың арасында жалғызбасты аналар мен мүгедектер және жетім балалар да бар.

Нұрбақыт Теңізбаев, Кеген ауданының әкімі:

- Ауданымызда осы күнге дейін 70-тің үстінде үй табысталып жатыр. Енді бұл ары қарай жалғасын тауып, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілгелі жатыр. Ол дегеніміз, қазір құрылыстың құжаттары толығымен біткен бізде көптеген объектілеріміз бар. Алла қаласа, 2025 жылы да осы қуаныштарымыз жалғасын табады деп ойлаймын.

Бүгін пайдалануға берілген 30 үйдің құрылысын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 942 млн теңге бөлініп, игерілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. «Өйткені Кеген өңірі бойынша 500-ге жуық адам баспана кезегінде тұр», - деді аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешев