Ақтөбеде бассейндер жұмыс істемей тұр

Ақтөбеде балалардың су спортымен тегін шұғылданатын орыны жоқ.

Облыс орталығындағы екі бірдей бассейн жөндеуге жабылған. Жас спортшылардың ата-аналары тұрақты жаттығудан шеттеген жеткіншектердің спорттағы көрсеткіші де күрт төмендеді дейді.

Жас спортшылар жаттығатын «Шағала» бассейні бір жарым жыл бұрын жабылған. Жарты ғасыр бұрын салынған ғимараттың ішіндегі хауызы жөнделіп, ғимараттың қасбеті жаңартылуы қажет болатын. Жоспарға сай бұл жұмыстар биылғы мамыр айына дейін толықтай аяқтауы тиіс еді. Алайда, нысан құрылысы сағызша созылып кетті. 

Есберген Аралбаев, қала тұрғыны:

- Былтыр сентябрьде береді деді, сентябрьде қосады, ремонты бітеді деді. Ол болмай қалды. Жаңа жылға дейін бітіреміз деді. Былтыр жаңа жылға дейі. ол да болмай қалды. Биыл қыркүйекке дейін береміз деді. Ол да болған жоқ. Енді балаларға қиын. 

«Шағала» жөндеуге жабылған соң тәрбиеленушілер «Достық» спорт мектебіне ауыстырылды. Бірақ биыл облыс орталығындағы екінші бассейнде де күрделі жөндеу басталған. Шенеуніктер кезекпен жаңартуды жоспарлағанымен жауапсыз мердігердің кесірінен балалар далада қалды. 

Болат Еңсепбаев, жүзуден олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры:

- Бір шамалы істейтін жерлері бар. Оны енді өзіміз ол кісілердің болмауына байланысты, бір айдай болды жоқ, жайлап өзіміз істеп жатырмыз. Бассейн қазіргі таңда дайын. Бірақ сыртқы фасад бітпей тұр. Соған байланысты бізде рұқсат жоқ.

Бассейнді жаңартуға бюджеттен 287 млн теңге бөлінген. Қазір жұмыстың шамамен 95 пайызы атқарылыпты. Ал мердігердің аяқсыз қалдырған жұмысын бассейн қызметкерлері жалғастыруға мәжбүр. Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілі «Шағала» мектебі келесі апта жұмысын жандандырады деп сендірді. 

Шыңғыс Шоқпытов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Жөндеу жұмысытарын жүргізген мердігер жосықсыз деп танылды. Сондықтан жұмыс мерзімінен кешігіп жатыр. Алдағы аптадан бастап бассейнді ашуды жоспарлап отырмыз. Ал, «Достық» бассейнінде жөндеу жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Қаңтар айында қолданысқа беріледі. 

Жалпы Ақтөбе облысында үш мыңға жуық бала су спортымен айналысады. Олардың жартысынан астамы аталған мемлекеттік бассейндердің тәрбиеленушілері.

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов