Ақтөбеде 30 жыл бойы жөндеу көрмеген аулалар абаттандырылды

Ақтөбеде отыз жылға жуық жөндеу көрмеген аулалар абаттандырылып жатыр.

Облыс орталығындағы көпқабатты баспаналардың алдына асфальт пен жаяу жүргіншілер жолы төселіп, балалар алаңы орнатылған. Кешенді жоба аясында 39 үйдің ауласы қамтылды.

Отыз жыл бұрын салынған Есет батыр көшесіндегі бұл үйлердің ауласы бұрын жөндеу көрмеген. Қолданысқа берілген сәтте төселген асфальт әбден ескіріп, шұрық-тесік боп жататын. Тозығы жеткен балалардың ойын алаңы да қайта жаңаратынына жергілікті халық дән риза. Тұрғындар енді үш ғимараттың қасбетін жөндеуді көздеп отыр.  

Сергей Сергеев, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Біз модернизация бағдарламасымен үйлердің қабырғасын жөндеп, бір түске бояп алғымыз келеді. Подъездердің терезесін ауыстырып, кіреберіс тұстағы маңдайшаларды жөндеу қажет. Ақтөбедегі үлгілі үйлердің бірі болуды жоспарлап отырмыз.

Биыл облыс орталығындағы 25 аула жөнделді. Асфальт жабындысы мен жаяу жүргіншілер жолынан бөлек кешенді жоба аясында суағарлар мен электр шамдарын орнату да қарастырылған. Балалар ойын алаңы салынып, есік алдына орындықтар қойылады. 

Сәкен Баубеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің инспекторы:

- Жалпы бұл үлкен жобы. 100 аула маңы қарастырылған. Негізі биылға реализация жүргізіліп жатқан тек 25-де. Алдағы уақытта біз жаңадан жобаны дайындап жатырмыз. Онымен қатар келесі жылы 75 жоба бойынша реализация бастаймыз.

Ескірген аулаларды жаңғыртуға бюджеттен 970 млн теңге қаржы бөлінді. Күн райы суығанша мердігер тротуар плиткасын төсеп, электр жарығын жүргізеді. 

Абай Құрманбек, учаске жетекшісі:

- Биылға жоспарланған жұмысты аяқтадық. Алдағы жылы балалар алаңына асфальт пен резеңке жабынды төселеді. Кемшіліктер анықталып жатса оны да түзейтін боламыз.

Жалпы Ақтөбеде қазір 1800-ден астам көпқабатты үй бар. Олардың мың жарымға жуығы өткен ғасырда салынған. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов