БҚО-дағы 16 ауылда бөгет салынып жатыр

Ауылды сақтау үшін жер керек, жайылым керек. Ал жайылымға су қажет. Онсыз малдың да күйі келмейді, егін де шықпайды. Осы себепті Үкімет ірі су қоймаларын салып, тоғандарды да жаңартуға кірісті. , деп хабарлайды 24kz.

Батыс Қазақстан облысындағы 16 ауылда бөгет салынып жатыр. Бұл мақсатқа қордан 3 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Көктемгі тасқынға қарсы дамбалар Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бәйтерек аудандарындағы су басуы мүмкін елді мекендерде бой көтереді.

Теректі ауданына қарасты Ұзынкөл ауылы маңындағы бөгет 30 жыл бұрын салынған. Ол топан судан 5 елді мекенді қорғайды. Көктемгі тасқын кезінде оның 60 метрі бұзылды.

Қайырғали Базарбаев, Ұзынкөл ауылының тұрғыны:

- Су тасқыны кезінде адамдар көшірілді. Ауылда тек еркектер қалды. Полиция мен төтенше жағдай қызметі де осында болды.

Су Ұзынкөл ауылының жанына дейін жақындады. Бірақ үйлерді басқан жоқ. Өйткені мамандар арнаны Барбастау өзеніне бұрып жіберді. Енді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Марат Модашев, Табиғи ресурстар және тпр басқармасының басшысы:

- Барлығы 326 млн теңге бөлініп, қазіргі кезде көктемгі су тасқыны жойған жерлерді жуып кеткен жыраларды жауып жатқан жұмыстар жүріп жатыр. Мына жерде қазіргі жағдайда тереңдігі 20 метр, 22 метр судың жырып кеткен жырындысы болды. Соның бәрін құрғатып, жаз бойы құрғатып, қазіргі кезде жабу жұмыстары жүріп жатыр.

Осындай жұмыстар тағы 15 елді мекенде жүріп жатыр. Олар негізінен Бәйтерек ауданындағы Орал өзенінің жағасында орналасқан. Биыл облыс бойынша мыңнан аса үй су астында қалды. Өңірде көктемгі тасқынның алдын алу үшін арнайы комиссия құрылды.

Қалияр Айтмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары:

- Теректі ауданында біздер деген 3 қойма: Ұзынкөл, Кемел және Жаңаөмір ауылында суқоймаларын қалпына келтіріп жатырмыз. Бұған жергілікті бюджеттен 326 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар Бөрлі ауданында 4 елді мекенге қорғау бөгеттерін жасадық.

Өңірде 25 гидротехникалық нысан бар. Жергілікті атқарушы биліктің балансында болған олар енді жаңадан құрылған «Батыс ирригация» ұйымына өтеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Эльдар Аюпов