Атырау облысының тұрақтандыру қорына 5600 тонна көкөніс жеткізілді

Биыл Атырау облысының тұрақтандыру қоры 5600 тоннадан астам көкөніспен толықты, деп хабарлайды 24kz.

Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұру мақсатында жасалған шара. Қазір картоп пен сәбіз, пияз бен қырыққабат облыс орталығындағы 3 базар мен 6 сауда павильонында, сонымен қатар 32 супермаркетте сатылып жатыр.

Бұл қоймада мың тоннаға дейін көкөніс өнімдерін сақтауға болады. «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен» келісімшартқа отырған шаруа қожалығы 5 жылдан бері тұрақтандыру қорын толтырумен айналысып келеді. Бүгінде жаз бойғы еңбегін жинап, осы қоймаға әкелген. Кейін тапсырыс бойынша дүкендерге жеткізіп береді.

Анна Ягич, шаруа қожалығының келісімшарт жөніндегі менеджері:

- Қазір өнімдерді жинап бастап, осында әкеліп жатырмыз. Осы жерде сақталады. Жалпы биыл біздің қоймаға 400 тоннаға жуық картоп, 300 тонна пияз және 200 тоннадан сәбіз бен қырыққабат жиналады деген жоспар бар. Кейін дүкендерге өзіміз тасымалдаймыз.

Тұрақтандыру қорына биыл 5667 тонна көкөніс өнімі жеткізілді. Одан бөлек, өңірдегі ұн мен қант бағасын тұрақтандыру үшін кәсіпорындармен келісімшарт жасалған.

Қайсар Құрманәлиев, «Атырау әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ департамент директоры:

- Жылдың басында Атырау облысы бойынша бірінші сортты ұннан жасалған нанның бағасын тұрақтандыру үшін ұн тартатын кәсіпорынмен «Желаевский астық өнімдері» комбинатымен 2000 тоннаға шарт жасалды. Бүгінгі таңда наубайханаларға әлеуметтік нан жасап үшін бірінші сұрыпты ұн сатылуда. Онымен қоса, аймақты қантпен қамтамасыз ету үшін және тапшылықты болдырмау үшін «Көксу қант зауытымен» 1900 тоннаға жеткізу шарты жасалды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті тауар өндірушілер мен сауда желілеріне биыл 3,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Тұрақтандыру қорына жиналған өнім өңір тұрғындарына нарықтағы бағадан 20% арзанға сатылады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин