Биыл Ақтауда балаларға арналған 80 ойын алаңы қолданысқа беріледі

Биыл Ақтауда балаларға арналған 80 ойын алаңы ашылады, деп хабарлайды 24kz.

Сондай-ақ жылдың соңына дейін 50 спорт алаңқайы қолданысқа берілуі тиіс. Бір айта кетерлігі, құрылысына озық үлгідегі материалдар қолданылған ойын алаңдарының дені жаңа ықшам аудандарда салынып жатыр. Жауаптылар бұл жобаларды белгіленген мерзімінен ерте аяқтауды жоспарлап қойған.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ақтауда балаларға арналған 342 ойын алаңы мен 121 спорт алаңқайы бар. Басым бөлігі жөндеуді қажет етеді. Былтыр соның 22-сі жаңаланды. Биыл жоспарға сәйкес 80 ойын алаңы және 50 алаңқай қолданысқа берілуі тиіс. «Оларда қала тұрғындарының бұқаралық спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалады», - дейді тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкері Айдар Бисенов. 

Айдар Бисенов, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қазіргі таңда тиісті мердігер мекемелер анықталып, жұмыстар жүруде. Ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ескі аумағында емес қаланың, жоғары шағын аудандар да бар. 32а шағын аудан, 31б, олар да қамтылған болатын.

Айта кетерлік жайт, шаһар әкімдігі ойын және спорт алаңдарын салуға жауапты мердігерлерге құрылыс кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Жуырда №2 шағын ауданда балалар төсеніші жаңартылып жатқан футбол алаңқайында ойнаған. 11 жастағы қызға кенеттен темір қақпа құлап, басынан жарақат алды.

Ербол Кенжевалов, облыстық балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігері:

- Түскендегі диагнозы – жабық ми жарақаты. Маңдай сүйегінің линиялық сынығы. Көз алмасының соғылуы, қазіргі таңда баланың жағдайы орташа ауырлықта. Травматология бөлімшесінде ем алуда.

Оқыс оқиғадан соң қала билігі ойын алаңқайларын жөндеу және салу жобаларын жіті бақылауға алды. Келер жылы да 70-тен астам ойын және спорт алаңдары салу жоспарланған. Арасында «Халық қатысатын бюджет» жобасына енгізілген ойын және спорт алаңдары бар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев